Мүмкіншілігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғауға байланысты нақты мәселелер рет-ретімен өз шешімін табуда

176

Түркістан облысының тұрғындарының назарына мүмкіншілігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғауға байланысты шешіліп жатқан мәселерлерді ұсынамыз. Бүгінгі күні мүмкіншілігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғауға байланысты нақты мәселелер рет-ретімен өз шешімін табуда. Мәселен, Қазақстандағы барлық заңнамаларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша және білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қорғау және басқа да салаларда қолжетімділікті қамтамасыз етуде нақты міндеттер алға қойылды. Мүгедектігі бар жандарды оңалту және бейімдеу жөніндегі халықаралық еңбек ұйымының нұсқаулықтарында екі басым бағыт бар екенін айта кеткен жөн сияқты. Олар – жұмыспен қамтылу және білім беру. Яғни, мұндай тұлға жаңа білім алып, кәсіп үйрену, жұмыспен қамтылу арқылы әлеуметтеніп, қоғамға бейімделе алады. Ұжым ішінде немесе онлайн түрде жұмыс істей отырып, кез келген адам әлеуметпен қоян-қолтық араласады, қажетті қарым-қатынас орнатады, өзін маман ретінде сұранысқа ие екенін сезінеді.

Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда бейімделуі үшін қажет аса маңызды дүние. Бүгінгі күні Қазақстанда мүгедектігі бар жұмысқа қабілетті жандардың тек төрттен бір бөлігі ғана белсенді еңбек етіп отыр. Осыған байланысты біз еңбекке қабілетті жастағы мүгедек жандардың жұмыспен қамтылуын 30%-ға дейін арттыруды көздеп отырмыз. Бұл үшін қосымша 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту қажет. Мұндай жандардың жұмыспен қамтылу мәселесін шешу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде арнайы Жобалық топ құрылған. Бірқатар жобалар мен бағдарламалар бар. Мұндағы тағы бір проблема — мүгедектігі бар тұлғаларды жұмысқа қабылдау кезінде біздің қоғамда қалыптасып үлгерген ментальды кедергінің, стереотиптік ойлаудың болуы. Біздің міндет – бұл кедергіні жою үшін жағдай жасау.