ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жемқорлық – індет, онымен күресу – қағидатын баршаның санасына сіңіру бүкіл мемлекеттік органның ортақ жұмысы болуға тиіс» дей келе, еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы бірден-бір кедергі – сыбайлас жемқорлық екенін алға тартып, онымен күресу әрекеттерін қатаңдатуды тапсырған болатын.
Сонымен қатар, Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы бекітілген. Жарлықта ағымдағы жағдайға талдау жасалып, алдағы жылдарда шешілетін міндеттер айқындалған және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың жолдары ұсынылған. Бұл – мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдық.
Шығыстың ғұлама ғалымы Әл-Фараби айтпақшы, қайырымды қоғам – адалдықтан бастау алатынын жастардың санасына сіңіру өте маңызды. Әл-Фараби шығармаларындағы парасаттылық, мейірімділік, адалдық пен адами құндылықтар бүгінде кеңінен дәріптелуде. Жемқорлықсыз таза қоғамды қалыптастыру мақсатында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл Агенттігінің бастамасымен «Адалдық сағаты» жалпы республикалық акциялары тұрақты түрде өткізілуде. Әрине, мықты мемлекет – мықты ұрпақтың қолында, ал жаңа Қазақстан — жаңашыл жастардың еншісінде. Ең басты міндет – өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру.
Парақорлық — мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, ұлтымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің халқаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтарына, өңіріміздің дамуына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Сондықтан, «Жемқорлық – індет, жою-міндет»ұранымен кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесу үшін қоғам болып белсенділік танытып, оның таралу жолдарын кесіп, ұлғаюына жол бермеуіміз қажет.
Бүгінде қоғамдық бақылауды күшейтіп, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «Е-өтініш» арнаулы сервисін енгізу арқылы азаматтардың жолданымдарымен жұмыс жанданды. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануына орай жария-құқықтық дауларды қарау кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктері енгізілді, сондай-ақ билік органдарының шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысу кепілдіктері күшейтілді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің жариялылығы қалыптасқан. Ол – мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлық алғышарттарын өз бетінше жоюға бағытталған шаралардың бірі.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары мен мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтар жүйесін қалыптастыру бағытында тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімі аппаратында сыбайлас жеморлық тәуекелдеріне ішкі талдауды жүзеге асыратын арнайы жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобы аппарат өз өкілеттіктері мен функцияларын жүзеге асыру барысында сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою шараларын жүргізеді. Оның құрамына қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерінің мамандары мен сарапшылары тартылған.
ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуде мемлекет пен азаматтық қоғам өзара іс-қимыл жасап, алдын алу шараларын және азаматтардың құқығын, бостандығы мен заңды мүддесін қорғау басымдығын іске асыруды, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілер және әрбір Қазақстан азаматы өзінен бастауы тиіс.
Жалпы алғанда, сыбайлас жемқорлық – ұлттық қауіпсіздігімізге, әрбір отбасының әл-ауқатына, ұрпағымыздың жарқын болашағына және еліміздің дамуына қауіп төндірмес үшін қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруда белсенді болуымыз қажет.
Рашид МЫҢБАЕВ,
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі