ПОЛИЦЕЙЛЕР ДӘМХАНАДАН ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН МЕН АҚША ҰРЛАҒАН КҮДІКТІ ҚЫЗДЫ АНЫҚТАДЫ

207

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын шағым түсірді. Ер адамның айтуынша, белгісіз біреу оның дәмханасынан «Iphone 13» маркалы ұялы телефоны мен кассада тұрған 15 000 теңге ақшасын жымқырып кеткен.

Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 385 000 мың теңгені құрайды. Аталған факті ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.

Ақпарат алысымен тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, ұрлық болған дәмханаға бет алды. Дәмхана иесі мен басқа да көрген-білгендерден сұрастырып, бейнебақылау камераларын және сол аумақты мұқият тексерді. Жедел-іздестіру нәтижесінде, бір тәулік ішінде күдіктінің жеке басын анықтады. Ол дәмханада жұмыс жасайтын жас қыз болып шықты.

Белгілі болғандай, қыз түскі уақытта дәмхана иесінің ұйықтап жатқан сәтін пайдаланып, оның сөреде тұрған ұялы телефоны мен ақшасын ұрлап кеткен. Қазіргі таңда ұялы телефон заңды иесіне қайтарылып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.