ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРЫП БЕРЕМІН ДЕП 5 ТҰРҒЫНДЫ АЛДАП, 1,5 МИЛЛИОН ШЫҒЫН КЕЛТІРГЕН КҮДІКТІ ЕР АДАМ АНЫҚТАЛДЫ
Сайрам аудандық полиция басқармасына алаяқтың құрбаны болған бес ауыл тұрғыны арызданды. Олардың айтуынша, таныс ер адам вахталық әдіспен жасайтын жұмысқа орналастырып беремін деп уәде беріп, әрқайсысынан 300 000 теңгеге жуық қаражаттан алған.
Жәбірленушілерге жалпы 1,5 миллион теңге шығын келтіріп, соңында хабарсыз кеткен. Аталған фактіні полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Қылмысты ашу үшін тәртіп сақшылары жәбірленушілерден жауап алып, басқа да қажетті шараларды қабылдады. Жиналған мәліметтер бойынша тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, алаяқты ұстады.
Ол Сайрам ауданының жұмыссыз, бұрын сотты болған тұрғыны болып шықты. Анықталғандай, күдікті тұрғындардың ақшасын бас пайдасына жаратып жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.