ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫН ҚОЛДАУҒА ШАҚЫРДЫ

99

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. 5 аптаға созылатын бұл науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталады. Бұл бастаманы Түркістан облысының табиғат жанашырлары қуанышпен қабылдап, жұмысты бастап кетті.

Өңір басшысы Дархан Сатыбалды «Белсенді демалыс» саябағына ағаш отырғызып, «Таза Қазақстан» шарасына қолдау білдірді. Жаңа акцияны қолдау жөнінде өз үндеуін жариялады. Экологиялық акцияға қатысқан жастармен жүздесіп, пікір алмасты. Отаншылдық – тазалықтан басталатынын айтып, ағаш егіп, туған жердің тазалығын сақтау, табиғатын қорғау әрбір адамның міндеті екенін жеткізді.

«Бүгін біз қоғам үшін маңызды экологиялық іс-шарада кездесіп тұрмыз! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Бұл бастаманы Түркістан облысының табиғат жанашырлары қуанышпен қабылдады. Өйткені, өңірімізде белсенді, отаншыл азаматтар өте көп. Түркістан облысында «Таза өлке – Түркістан» акциясын бастадық. Осыған байланысты өткен аптадан бері аудан, қалаларда тазалық, көгалдандыру жұмыстары басталып кетті. Бұл – бір айлық науқан емес. Мақсатымыз – тазалық сақтау, ағаш, гүл егуді өмірлік дағдыға айналдыру. Осы салаға жауапты басқармаларға, аудан, қала әкімдеріне, коммуналдық мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Арнайы техникалар, ресурстар бөлінді. Біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістанымызды одан сайын түрлендіре түсеміз! Оған мүмкіндігіміз жетеді», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Республикалық акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту.

«Табиғат — ел байлығы» демекші, мемлекет дамуы үшін табиғатқа деген құрмет болуы тиіс. Қоршаған ортаны қорғау арқылы Отанға деген патриоттық сезім оянады. Сондықтан, біз өз ортамызды, көшемізді, ауылымызды, қаламызды таза ұстауымыз керек. Арықтарды тазалап, бұлақ көздерін ашу – міндетіміз! Осы бағытта жұдырықтай жұмылып жұмыс істейміз деп сенемін! Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2021-2025 жылдар аралығында өңіріміздегі 800-ден астам елді мекенді көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу көзделген. Қазір жұмыстар жүруде. Биылдың өзінде 1 миллионнан астам көшет егілуде. Таулар да, ормандар да, өзен-көлдер де, байтақ дала да, ауылдар да, қалалар да – біздікі. Осы байлығымызға жанашырлықпен қарайық! Көшесінің тазалығына қарап, азаматын, халқын танисың. Ендеше, барша Түркістан өңірінің тұрғындарын осы акцияны қолдауға шақырамын! Бірлік пен еңбектің арқасында Түркістанымызды жасыл аймаққа айналдырайық!» деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

«Таза өлке» науқаны басталғалы бері облыста 1500 көше және 33 мыңнан астам аяқжол тазаланып, 850 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ 140 мыңнан астам ағаш әктеліп, 138 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұдан бөлек 275 саябақ және сквер, 192 дана балалар және спорт алаңшалары тазаланды. Бұл іс-шараларға 279 техника және 15 мыңнан астам адам қатысты.

10 сәуір мен 11 мамыр аралығында Түркістан облысында «Таза өлке – Түркістан» науқаны өтеді. Әр аптаға арнайы ат беріліп, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады. Облыстың барлық ауданын және қалаларын қамтитын науқанға облыстың әрбір тұрғыны мен қонағы қатыса алады.