ТҮЛКІБАСТЫҚ ПОЛИЦЕЙ ЖАНҰЯСЫМЕН «ОТБАСЫ КҮНІНЕ» ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН БАЙҚАУЛАРҒА ҚАТЫСЫП, ЖЕҢІМПАЗДАР ҚАТАРЫНАН КӨРІНДІ

285

Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкері «Отбасы күні» мерекесіне орай ауданда ұйымдастырылған түрлі байқауларға отбасымен қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Нақтырақ айтсақ, қоғамда ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, тұрмыстық зорлық- зомбылықтың алдын алу мақсатында, Түлкібас аудандық орталық кітапханасында «Отбасы және кітап» байқауы өтті.

Оған Түлкібас аудандық полиция бөлімінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция аға лейтенанты Г.Есенкулова өзінің отбасымен қатысып, жүлделі ІІ-орынға ие болды. Сондай-ақ аталған полицейдің жанұясы Шұқырбұлақ ауылындағы Ғ.Мұратбаев жалпы орта мектебінде өткен «Толағай» отбасылық спорттық жарысына да белсене қатысты. Нәтижесінде бас жүлдені иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Отбасы мерекесіне орай өткізілген бұл шаралардың берері мол. Жастардың отбасы бірлігін сақтап, ата-ананың алдындағы парызын өтеуге, жанұядағы сыйластыққа, адамгершілікке, татулық пен ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Осы ретте қоғамдық іс-шараларға белсене қатысушы поилцей отбасына амандық тілейміз!