КӨПБАЛАЛЫ ПОЛИЦЕЙ «ОТБАСЫ КҮНІМЕН» ҚҰТТЫҚТАЙДЫ

180

Түркістан қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің қызметкері полиция капитаны Нұрлыбек Жұмаев көпбалалы әке, оның отбасында 2 ұл, 2 қыз өсіп келеді. Бүгінде жары Жайна екеуі балаларына жақсы тәрбие беріп, елдің азаматтары болуға баулуда.

Алайда жауапкершілігі мол, уақытпен санаспайтын қызметтен қолы босай бермейтін Нұрлыбек, «Отбасы күні» қарсаңында өзінің жұбайы Жайнаға алғысын білдірді: «Бос уақытым бола қалса, жанұяммен бірге өткізуге тырысамын. Менің шаңырақ көтергеніме де, ішкі істер саласына жұмысқа орналасқаныма да 8 жылдан асты. Осы аралықта мен көбіне қызметте жүргендіктен, бала тәрбиесімен келіншегім айналысып отырады. Сол үшін де оған алғысымды айтамын!»- деп атап өтті.

Өз кезегінде жас ана Жайна, полицейдің жары болу оңай емес екенін айтып, күйеуінің жұмыста алаңсыз жүруі үшін, отбасының ұйытқысы болуға тырысатынын жеткізді. Ендеше еліміздің тыныштығын сақтауда адал қызмет етіп, жергілікті тұрғындар мен шетелдіктердің құжаттануына өз септігін тигізіп келе жатқан, жанұясында 4 балаға тәлім-тәрбие беріп отырған Нұрлыбек Жұмаевтің отбасына амандық, жұмысына табыс тілейміз!