ШАҺАРДЫ КӘРІЗБЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ АРТЫП КЕЛЕДІ

179

Қалада 81 шағынауданның 24-і кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Қалған елді мекендерге кәріз жүйесін тарту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып келеді.  Биылғы жылдың жоспарына сәйкес, Мирас және Шапағат-2 шағынаудандарында жалпы ұзындығы 50,4 шақырымға кәріз құбыры жүргізілуде.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов нысан басында болып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазір мұнда жұмыстың 80 пайызы аяқталған. Құрылысқа 30 жұмысшы, 7 арнайы техника жұмылдырылған.
Аталған елді мекендерге канализациялық желілерді тарту бағытында 2020 жылы жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамалық қорытынды алынған болатын. Кәріз жұмыстарының құрылысына арнайы қаражат 2021-2023 жылдар аралығында бөлінгендіктен, қазір мұнда мердігер мекеме тарапынан жұмыстар қарқынды жүруде.
Сонымен қатар, биыл қаладағы Тассай, Тұранның ішкі жүйесі, Қайтпас-2, 112-орам, Бозарық шағын аудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық абонент кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде қалада кәрізбен қамту көрсеткіші 60-тан 65 пайызға артады.

Еңбекші ауданында құрылысы жүріп жатқан тағы бір нысан – №5 қалалық емхана. Онда ғимарат күрделі жөндеуден өтіп жатыр. 1984 жылы қолданысқа берілген емхананың инженерлік желілері түгел ауыстырылады. Сондай-ақ, сыртқы қасбеті жаңартылады.
Мұрат Дүйсенбекұлы емхана құрылысы жұмыстарының жай-күйімен танысып, бірінші кезекте сапа жағына мән берілу керектігін айтты.
Амбулаториялық емханалық көмек көрсететін мекеме қазіргі уақытта 58 мыңнан астам тұрғынға медициналық қызмет ұсынып отыр. Мұнда 500-ден аса медицина персоналы қызмет етеді. Қырық жылдық тарихы бар емхананың күрделі жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады.