ДАРХАН САТЫБАЛДЫ АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

228
Түркістан облысы Арыс қаласында биыл мұнай және мұнай өнімдерін өңдеу зауытының құрылысы басталады. Поливинилхлорид түйіршіктерін және қоспасын шығаратын зауыт пен кәріз жүйесіне арналған пластикалық құбырлар шығаратын зауыт, сыйымдылығы 9 мың тоннаны құрайтын астық сақтау қоймасының құрылысы басталды. Сонымен қатар минералды сусындар шығаратын цехын кеңейту жоспарланған. Бұл туралы Арыс қаласының тұрғындарымен кездесуінде Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.
Теміржолшылар қаласындағы тұрғындар өтініші өңір басшысының назарында. «Наурыз» тұрғын ауданындағы теміржол көпірі астынан жаңбыр және еріген қар сулары ағатын арнадан бөгеттер алынып, тазаланып, кедергісіз су өтуге жағдай жасалды. Ордабасы ауданы, Бөржар ауылдық округі, Қалаш елді мекенінің жер учаскелеріне Арыс қаласының Парковый, Алатау, Стадион шағын аудандарының тұрғындары малдарын кедергісіз жайылуына рұқсат берілді.
– Биылғы наурызда өздеріңізбен осында кездескен кезде, қаланы дамытуға септігі тиетін маңызды мәселелер көтерілген болатын.
«Астана-Сарыағаш» бағытындағы пойызға халық сұранысының аз болуына байланысты, бұл мәселе тиісті министрлікпен келісіліп, поезд қатынасы «Астана-Шымкент» бағытына ауыстырылды. Арыстағы орталық қазандыққа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көмірден табиғи газға ауыстыру мәселесі бойынша облыстық бюджеттен 187 млн. теңге қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал орталық қазандықты газ жүйесіне қосу мақсатында республикалық бюджеттен 100 млн. теңге қаралып, жалпы құны 542 млн. теңге болатын қосымша модульді қазандықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз көріп, естіп отырсыздар, атқарылып жатқан шаруа көп. Жобалаған доспар да жеткілікті. Проблеманы жасырмай, ашық айту керек. Біз оның шешу жолын қарастырып, заң аясында жүзеге асыруға күш саламыз, – деді облыс әкімі.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында көшелер жөнделіп, жарық жүйелері жөнделуде.
Құм, тас таситын ауыр жүк көліктер жүретін айналма жол салу, сондай-ақ тәулік бойы автоматты режимде жұмыс істейтін көлік құралдарының салмағын өлшейтін бекетті орнату жоспарлануда. 2022 жылдың қараша айынан бастап қаладағы 6 тұрғын ауданы табиғи газға қосылды. Жұмыстар жалғасуда.
Ауыл шаруашылығы саласында биыл жоба құны 8 млрд. теңгені құрайтын «TURKESTAN AGRO.KZ» компаниясы 50 мың ірі қара малды бордақылау үшін алаң ашуды жоспарлап отыр. «KAZPLEMZAVOD» компаниясы 10 мың бас ірі қара малды өсіруді және көбейтуді қолға алды «KING MILK» компаниясы Түйе сүтін қайта өңдеу жобасын іске асырды. Ұнтақталған өнім шығарып, оны экспорттайды. «DERMENE AGRO GROUP» компаниясы Балық өсіру, көбейту жобасын іске асыруда. Жоба құны 50 млн. теңгені құрайтын бұл компания 50 мың «сазан» өсіріп, балық шаруашылығын дамытып отыр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6 бағыт бойынша тұрғындардың 2,5 пайызбен несие алуы 5 ауылдық округте іске асырылуда. Сондай-ақ мал бордақылау, сүт өндіру бағытында 5 ауыл шаруашылығы өндірістік коопертивтері құрылды. Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Ақдала, Дермене ауылдық округінен 81 жоба қабылданып, 300 млн. теңгеге 63 жоба қаржыландырылды.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6 мың 609-ға жетіп, оларда 8 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Арыс қаласы бойынша былтыр 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Арыс қаласында «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында Арыста 2 мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар 5 мектептің қосымша корпустарына құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жеке кәсіпкерлердің есебінен 3 жаңа мектеп және 5 балабақша ашылады деп жоспарлануда.
2024 жылы теңгеге инвестор есебінен автобустар жаңартылатын болады.
Арыс қаласы мен елді мекендерді көгалдандыру мақсатында былтыр 1 гектар жер телімі бөлініп, тұқымбақ құрылды. Қазіргі таңда тамшылатып суғару әдісімен 80 мың дана жас көшеттер өсуде.
Қаладағы жұмыссыз отбасыларға егіншілікпен айналысуға жағдай жасау мақсатында Арыс қаласында жалпы көлемі 50 гектар жер қоршалып, 2 ұңғыма қазылып, арнайы су жинайтын 60 тонналық құрылғы қойылды. Аз қамтылған әр отбасыға жарты гектар (0,5) жер телімі берілетін болады. Нәтижесінде бұл отбасылар өзін-өзі жұмыспен қамтиды. Жоба өз тиімділігін көрсеткен жағдайда, жер телімі 100 гектарға дейін ұлғайтылатын болады.
Кездесуден соң облыс әкімі қабылдауға жазылған тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, барлық мәселенің заң аясында шешілетінін жеткізді. Өңір басшысының халықпен кездесуі басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.