ЕШКІМ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Жылдан жылға Шымкент халқының саны артуынан шағынаудандар жанынан жаңақұрылыс аумақтары ашылып, ол жерге инжинерлік-инфрақұрылым жүйесін тарту мәселесі туындайды. Басқарма осы мәселе төңірегінде 2022-2023 жылдарға арналған жоспар түзіп, 380,8 млн теңгелік 9 нысанға жобалау-сметалық құжат әзірлеу үстінде. Өткен жылы қала бюджетінен 58 млн қаржы бөлініп, оған бір нысанда, яғни, Сайрам шағынауданында үш кезек негізінде ауыз су тарту құрылысы жүргізілді. Биылғы жыл үшін 7 нысан, атап айтқанда Құрсайдың жаңақұрылыс аумағына электр мен газ, Гидрогеолог шағынауданына ауыз су, электр және табиғи газ, Жұлдыз бен Жалын елді мекені , Қаратөбе, Қарабастау, Еламан және .Тәуелсіздікке 20 жыл шағынаудандарының жаңақұрылыс аумақтарына табиғи газ құрылысына 191,5 млн теңге қаржы қаралып, бүгінде құрылысы жұмысы жүргізіліп жатыр.
–Ал, қалған бір нысан – «Қызылсу» 220/110/10 кВ электр тарату станция құрылысын аяқтауға тағы 131,3 млн теңге қаржы керек. Сондай-ақ, өткен 2022 жылы қала әкімінің елді мекендерді аралап, халықпен кездесу барысында берілген тапсырмасына сәйкес, инжинерлік жүйе тартылмаған 6 нысанға жобалу құжат әзірлену үстінде. Оның ішінде 4 нысан – Айқап, Ынтымақ-2, Асар-2, Бозарықтың жаңақұрылысының жобасы аяқталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қалған Ақжайық пен Таскеннің жаңақұрылысының жобасы жыл соңына дейін аяқталады, — дейді басқарма басшысы.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, шағын ауданның негізгі бөлігі бола ма, жаңа құрылыс аумағы бола ма, барлығына да кезең кезеңімен инфрақұрылым желілері жеткізіледі. Бұл мәселеде ешкім елеусіз қалмайды деген сөз.
Қосымша қаржы қажет
Инфрақұрылым жүйелерін тарту ісі қала сыртындағы индустриалды аумақтарда да қырқынды жүріп жатыр. Осы жылдың алғашқы тоқсанында Жұлдыз, Тассай және Бозарық индустриалды аймағын инженерлік инфрақұрылым жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 9,5 млрд теңге қаржы бөлініп, бүгінде бұл қаражатқа құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқарма басшысы осы индустриалды аймақтардың инженерлік жүйелерінің құрылысын толық аяқтау үшін республикалық бюджеттен 4,4 млрд теңге қаржы қажет екенін алға тартып отыр. Нәтижесінде 3 индустриалды аймақ инженерлік жүйелермен қамтылып, кәсіпкерлер өндіріс орындарын орналастыруға мүмкіндік алады.
Қолайлы орта мен толыққанды инфрақұрылым жүйесін қамту бойынша қала билігі әрқашан тұрғындардың ұсынысын назарсыз қалдырған емес. Жобалар әзірленген, жұмыстар кезеңімен атқарылып жатыр. Десе де, барлық жобаны қысқа мерзімде орындау мүмкін еместігі әмбеге аян. Ендігіде жұмыстардың аяқталуына уақыт қажет.
Мақсат Ердембеков