ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕГІ КИЕЛІ ОРЫНДАР

711

Түркістан – Тұран аймағы деп аңыз болып қалған, «тарихи түркілер елі» деп те аталып, Қазақ хандығының тұңғыш астанасы болған қала. Ежелгі Ұлы Жібек жолы бойындағы сайын дала төсіне орналасқан қаланың даңқы XII ғасырда, әсіресе бұл жерге ақын Қожа Ахмет Иасауи қоныс тепкеннен кейін шыға бастап, ол қайтыс болған соң бейіті басына мазар салынып, әулиелі мекенге айналады.

«Тұран» сөзінің арғы түбірі – «tura». «Авеста» және тағы басқа да еңбектерде ол VІ ғасырда Түркілер мекендейтін елдің тұтастай алғандағы атын білдіреді. Ежелгі Тұран елінің мекені мен қонысы Иран, Қашқария, Қытай, Моңғол, Ресей елдерінің бүгінгі аймақтарына ішкерілей еніп, сұғына жатқан болатын.

Оныншы ғасыр жазбаларында «Шауғар», «Иасы» деген атпен белгiлi болған қала кейiн «Түркiстан» деп аталыпты. «Түркі» сөзiнің мағынасы – «батылдық», «ержүрек» дегендi бiлдiрсе, «стан – ел, халық» атаулары жалғасып келетiн парсы тiлiнен келген қосымша. Сонда «Түркiстан» атауы – «Батырлар елi» ұғымын меншiктейдi. Тарихи деректерге жүгiнсек, сонау сегiзiншi ғасырға дейiн Түркi және Батыс қағанатының, одан Түргеш қағанатының құрамына енген Шауғар немесе Иасы жаугершiлiк заманда бiрде арабтардың, бiрде қарлұқтардың, ендi бiрде оғыздардың орталығы (астанасы) болып келген.

Темір дәуірінде Сырдың орта ағысы парсы деректерінде «Сака» деп аталған екен. «Авеста» деректеріне қарағанда, мұнда «тура» деп аталатын тайпалар мекен еткен. Сол себепті сақ-тұр тайпалары мекен еткен өлке «Тұран» аталған. Осы деректерге және Махмұд ибн Валидің «Бахр әл-асрар фи манақиб әл-ахйар» («Мейірбан адамдардың ізгі қасиеттері жайлы телегей-теңіз құпия сырлар») атты кітабында Иасыны Сакси деп көрсеткеніне сүйенген тарихшы-археолог Мұхтар Қожа Түркістанның көне атын сақ тайпасымен байланыстырып, Саксидің Иасының ежелгі орны қазіргі Күлтөбе ескерткішіне дәл келетінін айтады. М.Қожа, Е.Смағұлов, М.Тұяқбаев деректеріне сүйенсек, Шауғар мен Қарашық – Иасының ежелгі аты емес, жанындағы қала атаулары. Араб жазбаларында ол қала Шауғар делінсе, түркі жазбалары Қарашық (Қарачук) деп атаған.

ХІІ ғасырдан соңғы ескерткіштерде Қарашық аты ғана аталып, Шауғар аты кездеспейді. М. Қожа бір жерде шоғырланған осы қалалардың түрлі тарихи кезеңдерде алма-кезек аймақтың бас қаласы міндетін атқарған деп біледі. VІІІ-ХІІ ғасырларда Шауғар бас қала болса, одан кейін Ахмет Иасауидің келіп орнығуына байланысты Иасы қаласы саяси, экономикалық орталыққа айнала бастады. Ахмет Иасауи кесенесінің салынуына байланысты (XIV ғ.) Иасы қаласының көлемі тез арада батыс пен оңтүстікке қарай ұлғайып, аймақтың саяси орталығына айналған. Жазба деректерде қала жаңа атаумен – Әзірет Түркістан деп атала бастайды. XVI ғасырдан бастап Түркістан атауы қалаға мықтап бекиді. Жалпы, қазақ даласында қалалар аз болмаған. Сол қалалардың ішінде бағзы заманғы Иасының, одан кейінгі Түркістанның жалпы түркі жұрты, соның ішінде қазақ халқы үшін қадір-қасиеті де, ұлт тарихынан алатын орны да ерекше. Ол – өткеніміз бен бүгінімізді жалғап тұрған, кешегіміз бен келешегіміз арасындағы алтын көпір іспетті, «Ер түріктің бесігі, екі дүние есігі» болған, екінші Мекке саналған алтын шаңырақ. Ол – қазақтың талай хандары мен жақсы-жақыбайларының ордасы болған бас қала. Имандылықты қастерлейтін, дінді сыйлайтын жұрт басына келіп тәу етуді «кіші қажылық» деп бағалайтын, әділет пен ақиқаттың атасы, пір тұлға Қожа Ахмет Иасауи сағанасы осында. Бабалар аруағын айрықша қастерлейтін қазақ жұрты үшін Түркістанның жолы мен жөні өзгеше болуының басты сыры – бұл арғы-бергі тарихымызда есімдері ерекше құрметпен аталатын талай ел билеген атақты хандарымыздың, ақылман абыз, би-шешен мен батыр-бабаларымыздың қабірі жатқан қасиетті қала. Оған дәлел Тәуелсіздіктен кейінгі 1996-2004 жылдар аралығында Түркістан археологиялық экспедициясының (Е.Смағұлов) арнайы зерттеу тобы (М.Тұяқбаев) Түркістан оазисіндегі бұрын есепке алынбаған 22 ежелгі және ерте ортағасырлық елді мекендер мен ортағасырлық қалаларды зерттеп, есепке алды. Олардың қатарында Мейрамтөбе, Көксарай-І-ІІ, Құлантөбе, Оқжетпес, Ақынтұма, Төрткүл-Қаратөбе, Шойтөбе І-ІІ, Айнакөл-Бабай және т.б. болса, 2004 жылы А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Археология ғылыми-зерттеу орталығының Тұран археологиялық экспедициясы (М.Елеуов) Түркістан ауданының археологиялық картасын жасау мақсатында археологиялық барлау мен зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының барысында Түркістан ауданының Жаңа Иқан, Шаға, Ораңғай, Қарнақ, Жүйнек, Бабайқорған ауылдық округтерінің жерінен бұрын есепке алынбаған, ғылымға белгісіз болып келген 203 ескерткіш ашылды, оның 7-і елді мекендер, 194-і обалар мен оба қорымдары, 1 тасқа салынған сурет орны мен 1 тас құрылыс еді. Олардың жобалары сызылып, суретке түсірілген. «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының ғылыми қызметкері тарих ғылымдарының кандидаты М.Тұяқбаевтың «Түркістан ауданындағы отырықшылық мәдениетінің ескерткіштері» тізімінде Түркістан оазисіндегі 93 ежелгі және ортағасырлық елді мекендер мен қалалардың аттары көрсетілген, оның 39-ын 1997-2003 жылдар аралығында зерттеушінің өзі ашқан. Яғни, сонау ХVІІІ ғасырдың басынан бастап, бүгінгі таңға дейінгі аралықта Түркістан оазисіне жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде барлығы 541 археологиялық ескерткіштер ашылып, зерттелген болса, олардың қатарында 4 тұрақ, 26 тасқа салынған сурет орындары, 115 ежелгі, ортағасырлық елді мекендер мен қалалар, 4 кәріз, 6 канал мен арық, 386 оба қорымы тізімге алынған. Демек, Түркістан өңірі жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерге бай өлке. Сонымен қатар Түркістан өңірінде Ақ ата әулие, Ақсүмбе әулие, Алтықұлаш әулие, Алауыш ата әулие, Аташы ата, Әбдімәлік әулие, Әубәкір әулие, Баба Араб әулие, Бұзырық ата әулие (кейде Бүзірік әулие), Ғайып ата әулие, Диуана қожа әулие, Жарас әулие, Жалаулы ата әулие, Жеті ана әулие, Жылаған ата әулие, Керуенбасы әулие, Көк Қошқар ата әулие, Көктас әулие, Қарахан ата әулие, Қарашор әулие, Қауыш ата әулие, Қожа Мүшкір халфе әулие, Құмшық әулие, Құрышхан ата, Құс (Құш) ата әулие, Құс ата, Құсшы әулие, Мес ата әулие, Нарымбет әздер, Садан шайық әулие, Саид ата әулие, Тұт әулие секілді киелі де әулиелі орындарға да, Әлқожа ата, Әмет (Ахмет) ата, Әмбар ана, Бала би (Тамабай), Гауһар ана, Дәуленбай әулие, Ер Қоян әулие, Есім хан кесенесі, Жұма мешіті, Жүсіп ата, Ибраһим шайық Қожа Ахмет Иасауи, Имам Марқозы Көктонды ата, Күрзіхан ата, Қалдыбек ата, Қобызды ана, Қосым ишан, Қауғани ата, Құсшы ата, Құс ата, Меңдуана ата, Рабиға Сұлтан бегім, Садуақас ата, Тоғайлы (Тағайлы) баба, Үкаша ата, Үйрек ата, Үндемес ата, Шала бақсы, Шахан ата, Шашты ата сияқты әз де әулиелі кісілердің зираты мен кесене-ғимаратына да, Ибраһим шайық Қожа Ахмет Иасауи, Құмшық ата қылуеті, «Қылует» жерасты мешіті, Жүйнек төбе, Жұма мешіті, Икрам ишан мешіті, Құмшық ата қылуеті, Үкаша сахаба құдығы, Шығыс моншасы мен Шілдехана секілді тарихи маңызы аса үлкен орындарға да бай.

Қазақ халқы үш ғасырдан аса бодандық құрсауынан құтыла алмай, аласапыран аумалы-төкпелі заманды басынан өткерген. Басқыншылар әсерінен халқымыз босқыншылыққа ұшырап, ата-бабаларымыздың қайда қалғанын білмейтін замандар да болған. Оның үстіне Кеңес дәуірінде дінімізді шектеп, әдет-ғұрпымыз бен тілімізді жойып, ұлттық сана мен болмысымызды жоқ етіп жіберуге дейін барғаны белгілі. Осындай қиын шақта «көктен тілеген жерден табылып», көш-керуені бөлек егеменді, әрі тәуелсіз ел болдық. Өткенді таразылап, төрт құбыламызды түгелдейтін мезгіл жетті, бабалар рухы көтерілді. Әулиелер туралы ел арасындағы ежелгі түсініктер мен олар жайлы айтылған әңгіме-әпсаналар жинастырыла бастады. Ислам заңындағы әулиелерге табыну, оларды қастерлеп, құрмет тұту қайта қолға алынып, дами келе, қазақ арасындағы ежелден келе жатқан ата-бабалар аруағын сыйлаумен ұштасып отыр, ол жалпы сәулет өнерінің дамуына кең жол аша бастады. Исламның оңтүстік өңіріне таралуына байланысты діннің тұңғыш уағызшылары мен ұлттық таным-түсінікті қараша халыққа насихаттаған әзіз тұлғалардың аттары аталып, еліміздің киелі де әулиелі, әрі қасиетті жерлерінің географиясы жасала бастады. Дегенмен кешегі кеңестік саясаттың әсерінен біршама ондай географиялық аймақтар ұмытылған еді. Солардың қатарында Ахмет Иасауи кесенесінің айналасы мен Түркістаннан тыс, бірақ Түркістанға тиесілі аймақтарда орналасқан Ақ ата әулие (кейде Мұхамадияр), Ақ топырақ әулие (әлде Азизан, кейде Бағдизан,), Ақкөсе ата әулие (кейде Домбы ата), Ақсүмбе әулие, Алауыш ата әулие, Әбділдә хан әулие, Жарас ата әулие, Жеті ана әулие, Көк Қошқар ата әулие, Қарашор әулие, Құм сахаба әулие, Марқади Мунаууара пәк әулие, Наджим ад-дин әулие, Сам ата әулие, Фам ғашық, Шихаб ад-дин саруар әулие, Шопан ата әулие сияқты киелі де әулиелі жерлердің орны ұмытылып, кесенелері мен жерленген орындары жермен-жексен етілген. Олардың аты тек көнекөз қариялардың жадында ғана сақталып, кейінгі ұрпақ үшін беймәлім болып отыр.

Қазыбек ТӘЖИЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты.