ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТКЕН ТҰЛҒА

226

Еңбек жолымның соңғы жеті жылдан астам уақытын қала әкімінің орынбасары қызметіне арнап, сол жолда тер төгіп, орынбасар қалпымда зейнетке шықтым. Қарап отырсам, екінің біріне бұйыра бермейтін бақ екен. Бұл да болса, халқымның, ел-жұртымның еңбегімді таудай етіп бағалағаны, көрсеткен биік құрметі деп түсіндім.

Осы жеті жыл ішінде Әліпбек Шәріпбекұлының қол астында 3 рет қызмет атқардым. Әлекең жайында айтар болсақ, бар саналы ғұмырын облыстың экономикасы мен әлеуметтік дамуына арнаған абзал азамат. Алғаш еңбек жолын 1983 жылы Қарағанды асбест-цемент өнімдерін шығаратын зауыттың машинисі болып бастаған. 1983-2005 жылдары құрылыс саласында еңбек етіп, 2007 жылдан Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің меңгерушісі, Кентау қаласы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриялы-инновациялық даму басқармасының басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Ордабасы ауданының әкімі қызметтерін абыроймен атқарған.

Қарап отырсаңыз, өзіндік сара жолмен өрілген өмірдің бір сәтінде құр өткізбей, табан ет, маңдай терін төгіп, ел-халқына қалтқысыз еңбек сіңіргенін аңдайсыз. Өлшеусіз еңбектің өтеуі де болды. Қоғамға сіңірген ерен еңбегі үшін Әліпбек Өсербаев бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталды. Оның ішінде «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдары мен «Құрмет» орденінің иегері. Бұл атақтар сізге өзі келді. Сіз атақ іздеген емессіз. Халқыңның берген батасы мен алғысы ұрпақтарыңа дарып, сіз көрмеген өмірдің алтын бағын ұрпақтарыңыз көреріне сенімім кәміл.

Нағыз өз ісінің майталман маманы еді. Уәдеге берік, сөзіне тұрақты тұлға екенін сол тұстары бірлікте қызмет атқарған жандар ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп айтып жүрері сөзсіз. Осындай айбарлы тұлға екеніне өзім де сан мәрте куә болған тұстарым жетерлік.

 

Тәжібек МҰСАЕВ,

Түркістан қалалық мәслихатының депутаты.