30 БАЛАБАҚША МЕН 15 МЕКТЕП

262

Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева, Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шамшиева оқушылардың жаз мезгіліндегі демалысы, жаңа оқу жылына дайындық, мектепке дейінгі білім беруді қамтамасыз ету бойынша баспасөз брифингін өткізді. Қалада мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, қауіпсіздікті күшейту, аз қамтылған отбасылардың балаларын әлеуметтік қорғау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Білім басқармасының мәліметінше, шаһарда білім беру ұйымдары жаңа оқу жылында 48 мекемеге артып, жалпы саны 946-ны құрады. Оның ішінде, 30 балабақша, 15 мектеп, 1 оқушылар сарайы жаңадан жұмысын бастайды. Оқушыларды мектеп формасымен қамтуға 2 209,6 млн теңге қаржы қаралған. Әр балаға 41 000 теңгеден ата-аналардың есепшоттарына аударылды.

– 2023 жылы 1-ші сыныпқа 27 000 оқушы қабылданып отыр. 53 893 оқушы мектеп формасымен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар шілде айында толық аяқталды. Қазіргі таңда мемлекет есебінен 7241 бала, демеушілер есебінен 9474 бала қала сыртындағы лагерлерде демалуда. Жалпы 215 жазғы сауықтыру лагерлері балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырды, – деді басқарма басшысы.

Ж.Тәжиева білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, мектептерде қауіпсіздікті арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталып өтті. 2025 жылға дейін 68 675 орындық 54 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде, 2023 жылы 18 мектеп (3 мемлекеттік, 15 жекеменшік) пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, үш ауысымда оқытатын 3 мектеп мәселесі 2023 жылдың 1 қыркүйегінде толығымен шешіледі. Олар – №45 мектеп (300 орындық қосымша құрылыс), № 65 мектеп (600 орындық қосымша құрылыс) және № 1 мектеп (600 орындық №8 мектептің ескі ғимараты есебінен).

Бала саны тығыз орналасқан 21 мектеп, жаңадан қосылған 11 тұрғын алаптар үшін «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 25 мектеп құрылысын жүргізу жоспарға енгізілген. Оның нәтижесінде, ыңайластырылған ғимарат, жаңадан ашылған шағынаудандардың мектеп мәселесі және сынып толымдылығы жоғары мектептер мәселесі 2025 жылға дейін толығымен шешілмек.

2023 жылға 9 мекеменің – 4 мектеп ( №54, 66, 78, 93 ЖОМ), 2 балабақша, 1 колледж, 1 мектеп-интернат, 1 оңалту орталығы ғимаратына күрделі жөндеуге тиісті қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шымкент қаласында 51 мекеме күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл жұмыстар 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен атқарылады.

Қалада білім беру ұйымдарына арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл батырмалары толығымен орнатылып, Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. I-дәрежелі мамандандырылған күзетпен келісімшарт түзілген.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті ОҚМПУ-мен бірлесе 10-24 шілде аралығында қала мектептерінің 2023-2024 жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізді. Департамент басшысы жөндеу жұмыстары, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, мектепте жасалған қауіпсіздік жағдайлары, бейнебақылау жүйесі, асхана, спорт залдарының, турникеттерінің болуы және жылдам басқару орталығына қосылу жұмыстары назарға алынып, бірқатар мекемелерге ескерту берілгенін атап өтті.

Жалпы қаланың 138 мемлекеттік мектебі мониторингпен қамтылған. Негізінен, материалдық-техникалық жабдықталуына басымдық беріліп отыр. Мониторинг нәтижесінде, 2 тамыздағы жағдай бойынша қала мектептерінің 96,3 пайызында жалпы ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған.