ТҰЛПАР ТЕКТЕС ТӘКЕН
Қазақ әдебиетінің классик жазушысы әдебиет ауылына «Ақбоз ат» шығармасы арқылы келген Тәкен Әлімқұловтың сөз саптауы ерекше, сөздік қоры мейлінше бай дара тұлға биыл – 105 жасқа толып отыр. Осынау уақыт бедерінде оның жүрегінен туған шығармалары көнеріп, көмескіленудің орнына жыл өткен сайын Тәкен Әлімқұловты сағынған қалың елдің санасында қайта жаңғырып, шығармашыл тұлға албырт аппақ арманға оранған періште қалпында туған ел аспанында алыстан қол бұлғайды. Шын талант иесінің құдіреті осында.
Кез келген шығармасын оқып қарасаңыз, өмірдің шынайы бет-бейнесі, адамның тағдыры сыр шертіп тұрғандай көңілге түрлі ой салады. Себебі ол – сырлы суреткер, шебер қаламгер десек артық болмас. Өмір жолында алпыс әңгіме, жеті хикаят, екі роман, үш өлеңдер жинағы, қаншама сын мақала жазған жазушыны қазақ маңдайына біткен нағыз елім, жерім дейтін азамат десек артық болмас. Аса көрнекті жазушы шығармашылыққа 1941 жылы зауытта жұмыс істеп жүргенде бет бұра бастаған. «Оңтүстік Қазақстан», «Лениншіл жас» газетінде қызмет етті. «Сапар» алғашкы өлеңдер жинағы 1950 жылы жарық көрді. Айта кетейік, Тәкен Әлімқұлов француз ертегісі, орыс және әзірбайжан ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударған.
Тәкен Әлімқұлов жайында талам тербемеген ақын, жазушылар кемде кем. Айталық, Дулат Исабековтың бір естелігінде «Орыс қызға ғашық болған Тәкен Әлімқұлов көкеміздей-ақ болсын. Көп жылдар Мәскеуде тұрды. Жазушылар одағының Мәскеудегі өкілі болды. Өте беделді адам болатын. Бір күні домбыра тартып отырғанда: «Тарт әрі, андағы жабайылардың аспабын», – депті әйелі. Сонда Тәкең домбырасын алып, әйелін тастап кете барыпты» деген естілік сөзінің өзі көп нәрсені аңғартады емес пе?
Одан бөлек, ақын Оспан Сейфолла: «Мен оны үйірі жоқ көкжал деп айтар едім. Солай боп келді, солай боп өтті дүниеден. Оның «Ақ боз ат» деген шығармасы бүкіл әдебиетімізді дүрліктіріп, үлкен қозғалысқа түсірген. Одан кейін «Тұлпардың тағдыры» деген екі романы бар. Қалғандары повестер, әңгімелер. Туындыларының қай-қайсысын алсаңыз да, боз даланың иісі бұрқырап тұрады», – деген сөзі тектен тек болмаса керек-ті.
Дара тұлғаның өмір жолын парақтап қарасақ, расында тірісінде елден ерек ғұмыр кешкен, ешкімге ұқсамаған Тәкен Әлімқұловтың аңызға бергісіз тағдыры бар. Өмірден өткеніне ширек ғасыр болса да, қаламынан туындаған шығармалары ел аузында, халық жүрегінде. Тәкен Әлімқұлов шығармашылық жолын өлеңмен бастаған, алғашқы өлеңін, өзінің айтуы бойынша, он төрт жасында жазған екен. Содан өмірінің соңына дейін өлеңдерінің төрт жинағы жарық көреді. Жарық көрген өлең жинақтарының санына қарап тұрып: «Менің байқауымша, – дейді қаламгер, – өлең іште қайнап піскен шақта, бәлкім, піскен сәтте туашақ». Осы сөзде өлеңді өнер деп түсінген жанның, шығармашылық тұлғаның биік эстетикалық талғамы мен берік азаматтық тұрғысы көрініс тапқан. Қаламгер шығармашылық еңбегіне де, ол еңбегінің өніміне де үлкен жауапкершілікпен, құрметпен қараған, адамның, адамзаттың рухани баюы мен дамуына әсері мен ықпалы жағынан өзін баурамаған, өзін тебірентпеген, жүрегіне жетпеген, «ішінде қайнап піспеген», піспейтін тақырыпты қозғамаған. Міне, қазақ прозасына биіктен қараған нағыз шығармашыл тұлға.
Сондай-ақ, поэзияны керемет жақсы көрген. Қазақта Абайға, орыста Лермонтовқа «өлердей ғашық» болған. Өзінің де бірді-екілі поэзиялық жинағы шыққан. Суреткердің шығармаларының басым бөлігі туған жерге, оның тарихына арналғанын баса айтқан баяндамашы қаламгердің осы еңбектерін еліне қалдырған ескірмес ескерткішке балауға болады. Ол рас, өлмейтін сөз қалдырған жазушысын елі де есінен шығармақ емес.
Тәкен Әлімқұловтың сүйегі өз өтініші бойынша Қаратаудың етегіндегі өзі туған Бабата ауылына жерленген.
Ақжан АЛИМБЕТОВА,
Фараб кітапханасының қызметкері.