ЕСІРТКІМЕН КҮРЕС КҮШЕЙТІЛДІ

546

Биыл есірткіге байланысты 259 қылмыстық іс анықталып, сотқа жолданған. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 17 пайызға жоғары. Бұл туралы Шымкент қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының бастығы Жандос Досанов басапасөз брифингінде хабарлады.

– Есірткіні өткізу және заңсыз сақтау мен тасымалдаудың – 250 фактісі, сатудың – 54, жарнамалаудың –1, есірткіні заңсыз өсірудің – 25 фактісі тіркелген. Оның ішінде 22 қылмыстық құқық бұзушылықты әйелдер, қалғанын ерлер жасаған. Синтетикалық есірткіні жасаушы заттар, яғни химиялық тұздардың қолжетімділігі жоғары. Соңғы кезде елімізде оны өңдейтін зертханалар ашылып, бизнес көзіне айналдырып отыр. Химиялық тұздарды фармацевтика саласында да қолданылатындықтан бұл өнімдерге мемлекет тыйым сала алмайды. Десе де есірткімен күрес тек құзырлы орындардың ғана міндеті емес, бүгінде барлық отбасындағы ата-аналар балаларына қадағалау жасаса деймін. Мемлекет басшысы өз Жолдауында есірткінің ұлт денсаулығына үлкен зиян әкеліп тұрғанын және синтетикалық есірткіні өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс екендігін айтқан болатын. Жолдауда берілген тапсырмаларды орындау мақсатында қала прокуратурасы қылмыстық қудалау мен арнайы органдардың жұмысын тиімді үйлестіріп жүргізуде,–деді Жандос Есенжанұлы.

Сондай-ақ брифинг барысында синтетикалық есірткілерді тарату құрығына жұмыс іздеген жастардың көп түсетіндігі айтылды. Осы жылы 4 кәмелетке толмаған жасөспірім есірткі тасымалдау қылмысымен ұсталып, бүгінде тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сала мамандарының айтуынша, мұндай іске көбінесе студенттер, жасөспірімдер алданады. Солай болған күннің өзінде олар заң алдында қатаң жауапкершілікке тартылатындығын атап өтті басқарма бастығы.

Айта кетейік осы жылы 1 синтетикалық ескірткі заттарын өндеу зертханасы мен 1 сора өсімдіктерін өсіру үшін дайындалған фитозертханасы анықталып, күдіктілер қылмыс үстінде ұсталған. Қазіргі таңда қала прокуратурасы бұл бағытта тиісті іс-шаралар атқаруда.