ТҮРКІСТАНДА КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ МЕРЕКЕЛЕНДІ

249
Облыс орталығында 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Ата заңым – айбыным!» атты шара өтті. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды өңір тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, Түркістанның 5 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды.
– Сіздерді еліміздің маңызды мерекесі –Конституция күнімен құттықтаймын! Ата Заң – айбарлы еліміздің ең ұлы құндылығының бірі. Біз, бүгін мызғымас бірлік пен заң үстемдігінің арқасында елімізді дамытып, қасиетті қаламызды түлете білдік. Өздеріңізге белгілі, былтыр еліміздің Ата Заңына өзгерістер енгізу жөнінде жалпы-халықтық референдум өтті. Аса маңызды шешімдер қабылданып, 30-дан астам заң баптарына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде, халықтың тікелей қатысуымен маңызды сайлаулар өтті. Жаңа басқару жүйесіне сәйкес Парламенттің ықпалы арта түсті. Жер мен жер астындағы байлық халыққа тиесіліекені анық жазылды. Осы арқылы Жаңа Қазақстанға тың бетбұрыс басталды. Өздеріңізге мәлім, осыдан 5 жыл бұрын облысымыз құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде қалыптасты. Айтарлықтай жетістіктерге жетті. Түркі жұртының рухани астанасы Түркістанымызда күн санап түрлі нысандар бой көтеріп, республикалық және халықаралық деңгейде іс-шаралар өтетін орталыққа айналды.
Биыл Түркістан қаласында Түркі елдерінің туризм министрлерінің басқосуы жоспарлануда. Қазіргі уақытта шет елдерден және еліміздің аймақтарынан келетін туристердің саны өсуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен өңірде ауқымды жобалар қолға алынды. Осы маңызды істерді атқаруға үлес қосып жүрген баршаңызға алғысымды білдіремін. Бұның бәрі елдің бірлігі мен ерен еңбегінің, тұрақтылыққа тұғыр болған Ата Заңымыздың арқасында қол жеткізген табыстар. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Конституциямыз ғұмырлы, елдігіміз мәңгі болсын! Ата заңды ардақ тұтқан өнегелі еліміз өркендей берсін! – деді Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі биылғы жылдың 7 айында 500 мыңға жуық туристер мен зиярат етушілер келгенін атап өтті. Туристік әлеуетті одан әрі дамыту мақсатында, қаламыздағы халықаралық әуежайдың рейстер санын ұлғайту бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдан былтыр Стамбул және Кувейт бағытына тікелей рейстер ашылды. Қазан айында Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Даби қаласына тікелей рейстердің ашылуы жоспарлануда. Сонымен қатар Мәскеу, Анталья, Тбилиси, Самарқанд қалаларына рейстер ашуға Үкіметке ұсыныс енгіздік. Ішкі бағытта Астана мен Алматыға рейстердің саны көбейтілді. Бұдан бөлек, Президент тапсырмасымен, «Жеті жарғы» заңдар жинағы әзірленген Түркістанға қазіргі таңда ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы талқылаудан өтуде.
Салтанатты шарада облыс басшысы білім, денсаулық, төтенше жағдай, өрт сөндіру, құқық қорғау саласында еңбек сіңірген, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан марапаттап, облыс әкімінің Грамотасы мен Алғыс хатын тапсырды. Сонымен қатар өңір басшысы өңір басшысы Түркістан облысының 5 жылдығы аясында облыс әкімдігінің қолдауымен сәуір-тамыз айлары аралығында аудан, қалалық өнер шеберлерінің қатысуымен өткен облыстық «Өнерлі өлке» өнер фестивалінің жеңімпаздарын марапаттады.
Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде иегері Отырар ауданына «Газель» автокөлігін, жүлделі І орын иегері Шардара ауданына жеңіл автокөлік табыстады. Жүлделі ІІ орын иеленген Мақтаарал ауданы мен Келес ауданы дыбыс жазу студиясына ие болды. Ал жүлделі ІІІ орын алған Түркістан қаласы, Сайрам ауданы мен Сарыағаш ауданына музыкалық аппаратура сыйға берілді. Сондай-ақ 500 мың теңге сыйақысымен облыстық өнер фестивалінің «Әнім сенсің туған жер» арнайы жүлдесімен Жетісай ауданы, «Өнерлі өлке» арнайы жүлдесімен Созақ ауданы «Мәдениетім – мерейім» арнайы жүлдесімен Төлеби ауданы, «Салт дәстүрім – қазынам» арнайы жүлдесімен Бәйдібек ауданы марапатталды.
Салтанатты шарада мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған мамандар ант берді.
Мерекелік іс-шараға облыс әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер алқасы мен зиялы қауым өкілдері, ҮЕҰ мүшелері, студент жастар, БАҚ өкілдерінен құралған 1000-ға жуық азамат қатысты. Салтанатты шарада облыстың өнер ұжымдары мен әншілері концерттік бағдарлама ұсынып, патриоттық әндерді шырқады. «Қазақстан Дауысы балалар» жобасының финалісінен бөлек Байзақ Еңлік қазақ эстрадасының майталмандары «Музарт» тобы өнер көрсетіп, көрерменге мерекеліккөңіл-күй сыйлады.