Нұрбол Тұрашбеков, Ордабасы ауданының әкімі: “ТӘУЕЛСІЗДІК-БӘРІНЕН ҚЫМБАТ” МАҚАЛАСЫ БІЗДІҢ БАҒДАРЫМЫЗ..”

651

Нұрбол Тұрашбеков, Ордабасы ауданының әкімі:
“ТӘУЕЛСІЗДІК-БӘРІНЕН ҚЫМБАТ” МАҚАЛАСЫ БІЗДІҢ БАҒДАРЫМЫЗ..”
Кез-келген мемлекеттің тарихы оның дамуына жол сілтейді. Біз өткенімізден сабақ алып, кемел келешек құруды көздеген ұрпақпыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын оқып, өңірімізде атқарылатын жаңа міндеттерден бағдар алдым.

Егемендік алғаннан кейін мемлекетіміздің еңсесін тіктеуі үшін қандай қиындықтарды еңсергені көз алдымызда. Әлемдік саяси кеңістікте лайықты орын иелену жолында аз тер төгілген жоқ. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі орасан. Бүгінгі шекарасы бекіген, халқы бір шаңырақтың астында ортақ мақсат үшін жұмылып, бейбіт күн кешкен Қазақстан — Тұңғыш Президенттің жетістігі.

Заман көші тоқтаусыз жылжуда. Қарыштап даму үдерісінен қалыс қалмауымыз үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы алыс болашақты болжап, ендігі қадамдарымызды белгілеп берді.

Ордабасы өңірі тәуелсіз ел тарихында алтын әріптермен таңбаланған қасиетті өлке. Бүгінгі таңда ауданымызда тарихымызды насихаттау мен дәріптеу үшін нақты жоспарлар түзілуде. Мақсат — ұрпаққа өткенін таныту ғана емес, ұлы елдің ұрпағы екенін ұғындыру. Осы арқылы ұлы халықтың жалғасы екенін мақтаныш етіп, ата жолы көрсетіп өткендей, тәуелсіздіктің бірлік пен отансүйгіштік қасиеттері арқылы ғана сақталатынын түсіндіру көзделуде.

Біздің ендігі міндетіміз материалдық құндылықтарды емес, ұлттық мүддені биік қоятын, білімді ұрпақ қалыптастыру. Жастар — мемлекеттің қуаты. Бірақ, аға буынның тәжірбиесіне сүйенуді де ұмытпағанымыз жөн. «Біз қазақтың қанына сіңген қасиет — келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін жалғастыра береміз», — дейді мемлекет басшысы өз мақаласында.

Мақалада жердің иесі екенімізді жалған ұранмен емес, нақты іспен көрсету қажеттігі де айтылған. Табиғатты қорғау, айналаны ластамау, барды күте білу, жоқты жасауға көмектесу әр азаматтың міндетіне айналуы тиіс. Ұрпақты үлгі көрсету арқылы жақсылыққа бастау — баршамызға жүктелген жауапкершілік.

Мәңгілік ел мұратын іске асыру жолындағы бастамаларымыз жемісті болсын, қадірменді достар!