МЕГАПОЛИСТІҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІН АЙШЫҚТАҒАН ТҰРАН

189

Шымкенттің аумағы кеңейіп, 2014 жылы қалада жаңа аудан құрылды. Оған жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың ұсынысымен Қаратау атауы берілді. Осы уақыт аралығында Қаратауда жаңа шағынаудандар қосылып, еңселі ғимараттар бой көтеріп, шаһар жаңа бағытта дами бастады. Қаратау ауданына қарасты Тұран шағынауданы – миллионды мегаполистің жаңа келбетін айшықтап, күннен-күнге көркейіп келе жатқан жаңа аумақ.

 

Қазір мұнда 19 мыңға жуық халық тұрады. Шағынауданда 1 744 жеке секторлы үй, 86 көпқабатты тұрғын үй, 6 мектеп, 4 балабақша орналасқан.
Тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру үшін қай шағынаудан, қай тұрғын алапты алып қарасаңыз да, ең әуелі, ол аймақтың инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандарына басымдық берілетіні сөзсіз. Шағынауданның тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен, электр жарығымен және интернетпен қамтылған. Қазіргі уақытта шағынаудан бойынша табиғи газ құбырлары толық жеткізіліп, абоненттеу жұмыстары жүзеге асып жатыр.
Тұрғындарға жайлы орта қалыптастырумен қатар, қала экологиясының жақсаруына әсер ететін инфрақұрылымның бір саласы — кәріз жүйесі. Әсте, шағынауданға көп қабатты үйлер салынған тұста-ақ кәріз жүйесі іске қосылған. Ал, жеке сектордағы тұрғындар кәріз жүйесінің игілігін жыл соңында көретін болады.
Айта кетейік, шағынаудандағы 49 көшенің 16-сы асфальтталған, 28-іне шағал тас төселсе, 5-еуі топырақ жол. Биыл атауы жоқ №1,2,3,4,5,6,7, 9,10,11,12,13 көше жөндеуден өтуде. Сонымен қатар, 2023 жылы «Әдия» тұрғын үй кешені, атауы жоқ №2,3,7 көшелер жарықтандырылады.
Шаһардың жас шағынауданында қоныстанғандардың басым бөлігі жас отбасылар екенін ескерсек, олардың балалары үшін балабақша, мектеп сынды әлеуметтік нысандарға да қажеттілік туындайтыны анық.
Өткен оқу жылында Тұранда жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. 1200 орындық білім ордасы типтік негізде салынған. Халық саны жылдан жылға көбейіп жатқан шағынауданда іске асырылып жатқан жобалардың бірі – жайлы мектептің құрылысы. Тағы бір оқу ғимаратының аяқтау мерзімі 2024 жылға жоспарланған.
— Тұран күн санап түрленіп келе жатыр. Шағынауданға алғашқылардың бірі болып қоныстандық. Ол кезде жол, қоғамдық көлік сынды мәселелер шешілмеген еді. Қазіргі уақытта мұндай проблемалар шешілген. Әсіресе, балалар үшін ауламызда ойын алаңшаларының ашылып, тренажерлердің орнатылуы қуантып жатыр. Кішкентай бүлдіршіндеріміз көз алдымызда ойнап, жасөспірім ұлдарымыз бұқаралық спортпен айналысып, шынығып жүр. Осындай жайлы ортада өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміз бақытты. Келешекте шағынауданға саябақ, аллея сынды демалыс орындары ашылып, мұнан да көркейе түсер деген сенімдеміз, – дейді көп
балалы ана Ұ.Сыпатаева.
Қаланың солтүстік-шығысынан келетін күре жолдың бойында осы Тұранның биік-биік үйлері менмұндалап, шаһардың көркіне көрік қосып тұр. Сапалы, кең жол, жаңа мектеп, тәулік бойы үздіксіз келіп тұрған газ бен жарық бар. Көп қабатты әр екі үйге балалар алаңшасы да салынған. Биыл тағы 2 спорт алаңшасы және 12 балалар ойын алаңшасы салыну жоспарда тұр.

«Шымкент келбеті»