ЖОЛДАУДА ӨТЕ КӨП ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚОЗҒАЛДЫ

183

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өзінің кезекті жолдауын жариялады. Еліміз үшін маңызды оқиғалардың бірін университет ұжымымен бірге тыңдадық. Әсіресе, Президенттің өнеркәсіптік өндірісті, ауылшаруашылығы саласын, энергия және су ресурстарын үнемдеу, цифрландыруды дамыту және экономикалық, әлеуметтік және демографиялық ахуалды реттеуге арналған тапсырмалары өте өзекті.
Осы Жолдауда Президент ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор болғанымен, оны тиісті түрде пайдаланбай жатқанымызды атап өтті. Расында да, бізде бұл саланың ақсаңдап тұрған тұстары бар. Әлі де өз өнімдерімізбен республиканы қамтамасыз етуге қауқарымыз жетпей жатыр.
Мемлекет басшысы айтпақшы: “ Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді”.
Университетіміз бұл мәселеге бірнеше жылдан бері назар аударып келеді. Соның бір мысалы — келер оқу жылында Ауылшаруашылығы факультетін ашу жоспары. Жолдауда білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына қарай реттелетіні айтылды. Қазір оқу орнымызда жүргізіліп жатқан ғылыми-тәжірибелік жұмыстарды бұдан әрі қарқынды түрде жалғастырып, алғашқы агрохабтардың біріне айналсақ деген жоспарымыз бар.
Жолдауда Президент әділдік, инклюзивтік және үнемшілдікті ерекше атап өтті. Ал бұл принциптер өз кезегінде Ясауи ілімінің өзегі, университетіміздің басты құндылықтары, әрі қағидаттары. Егер біз әділетті мемлекетті қаласақ, өзімізден бастауымыз қажет. Үлкен жетістіктің артында кішкентай қадамдар тұрады. Сондықтан, университетке келген күннен бастап әділдік принципін алға қойып, ұжыммен және студенттермен өзара серіктестікке қол жеткіздік.
Инклюзивтілік те біз үшін өте маңызды. Бұл — қоғамның тұтастығы мен толеранттылыққа жетелейтін жол. Әр елден, әр өңірден және әртүрлі қоғам топтарынан келген жастарды біріктіретін оқу ордасы болғандықтан, бізде инклюзивті білім беру бағдарламалары міндетті түрде енгізіледі. Және ерекше назарда болады. Бүгінде университетімізде Инклюзивті білім беру орталығы жұмыс істеп жатқанын да атап өткеніміз жөн. Орталық өте пайдалы әрі қызықты жобаларды іске асырып жатыр.
Мемлекет басшысы жастарға қолдау көрсетуді де ұмыт қалдырмады. Әсіресе, креативті индустрияны дамыту – халықтың арасынан шыққан қарапайым дарын иелеріне деген үлкен көмек болмақ. Бізді де бұл мәселе өте қатты толғандырады. Университетімізге жыл сайын таңдай қақтыратын талант иелері, тың идеялары көп креативті жастар оқуға түседі. Университет оларға тек білім беріп қана қоймай, осындай қабілеттерін дамытуға атсалысуымыз қажет. Сондықтан оқу орнымызда креативті индустрияны дамыту ісі қазірдің өзінде жүзеге асып жатыр. Жылдар бойы назарға ілікпеген Өнер факультетінің ғимараттарын жөндеу жұмыстарын жасап, дарындар қолайлы атмосферада қабілеттерін шыңдауына жағдай жасап жатырмыз. Ал келешекте “Өнер және медиа” факультетін бөлек шығарып, нағыз шығармашыл, креативті кадрларды дайындаймыз деген ниетіміз бар.

Жанар Темірбекова,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты