ЕСКІ ИҚАНДА ЕЛДЕ ЖОҚ ЕМХАНА БОЙ КӨТЕРДІ

207

Түркістан облысы, Сауран ауданындағы Ескі Иқан ауылында «AVICENNA-A» медициналық орталығы бой көтерді. Құрылтайшысы кәсіпкер Адилжан Усманкулов жобаға 2млрд 400 млн теңге жұмсаған көрінеді. Журналистердің екінші аялдаған нысаны осы.

Негізінен диқаншылықты кәсіп ететін «Жаңа Иқан» және «Ескі Иқан» ауылдық округтері мен жақын маңдағы 35 мыңдай халық тұратын аумақтағы бейнеткеш тұрғындардың 7 мыңы ФОМС жүйесі арқылы тіркеліп, ем алуда. Журналистерге берген сұқбатында кәсіпкер емханаға қосымша құрал жабдықтарды жеткізуге кәсіпкерлікті қолдау ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген жеті пайызбен 700 миллион теңге несие алғандығын айтады.

Емхана ұжымы республикалық деңгейдегі дәрігерлердің қолымен лазерлік, эндескопиялық оталар жасай алады. Емхананың физиотерапия, оңалту, гинекология, урология, зертхана бөлмелері соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуда. Жан сақтау бөлімі бір мезетте төрт адамды қабылдау мүмкіндігі бар.

Бас дәрігер Әкежан Сакашевтің айтуынша, білікті медбикелердің айлық жалақысы 250 мың теңгеге дейін болса, республикалық дәрежедегі оташылардың айлығы 600 мың теңгеге дейін барады екен. Мұнда қызмет етуге өңірдегі ең білікті мамандар тартылуда.

Құрылтайшы Адилжан Усманкулов Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқан дәрігерлердің дәрежесін көтеру мәселесіне іспен жауап беріп отырғандығына риза.

Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен пресстурға қатысқан журналистер өңірде мұндай емхана жоқтығын айтып, таңдай қағысты. Тілшілер тобы ғана емес ауылдастарының өзі «көптеген байлар мен байшігештер тапқан-таянғанын коттедж, қос-қостан әйел, жүйрік машина алуға, шетелге қыдыруға жұмсап жатқанда Адилжанның мұнысы несі?» дегендері де болған екен.

— Мен Астанада жиырма жылдай кәсіпкерлікпен айналыстым. Әке-шешем осы Ескі Иқанда тұрады. Қажылыққа барып келген қарт кісілер. Біздің ауылдағы адамдардың барлығы да үлкен құрметке лайық. Себебі, барлығы диқандар. Қысы-жазы далада жұмыс жасайды. Көбі ыстық-суықтан зардап шегеді. Дамыған елдердегі президенттер сайлауға түсерде алдымен тұрғындардың денсаулығын түзеуге уәде беретіндігін оқыдым. Сондықтан осындай шешімге бел байладым. Бас дәрігер Әкежан Сакашевпен ақылдасып, медициналық құрал-жабдықтарды Жапониядан алдыртып жатырмыз,-дейді Адилжан Усманкулов.

Ауылдастары туған жердің әрбір патриоты осындай болса, алар асуымыз биік болатындығына бек қуанулы.