ЕЖЕЛГІ САУРАН ШАҚЫРАДЫ

247

Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық автомагистралынан шамамен ХІV ғасырда салынған ежелгі Сауранның орны сағымдана көз тартады. Ол Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалуда. Журналистерді ежелгі шаһардың тарихымен археолог, ғалым Марат Тұяқбаев таныстырды.

Орта ғасырларда Сырдария өзенінің ортаңғы ағысындағы аймақты Түркістан өлкесі деп атаған. Сол өлкенің аса гүлденген қалаларының бірі Сауран еді. Ертеректегі деректерде Сауранның жеті қатар қорғаныс қабырғасы бар деп айтады. Дешті-Қыпшақ даласы мен егіншілікпен айналысқан өлкенің қақ ортасында орналасқан шаһар дала халқы мен қала тұрғындарын байланыстырған, сауда-саттық орталығы болған.

Арабтың географы әл-Магдиси: «Сауран (Савран) – үлкен шаһар, ол бірінен соң бірі салынған жеті қабырғамен қоршалған. Рабаты бар, мешіті ішкі шаһарда орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғауға арналған шекаралық шаһар» деп жазған. Ұзақ уақыт аралығында шаһар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды.

Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылды. Сондай-ақ шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қалдықтары қазылып, олардың сақталған бөліктерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазба кезінде шаһардың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылды. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған терең ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көрсетті. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан. Қазба жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылады. Қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездесіп жатады.

Қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Журналистер жорығы ежелгі Сауран шаһарында тиянақталды. Өңірдегі тіркелген БАҚ өкілдері ұлттық ансамблдің ән –жырына қанық болып, этномәдени шаңырақта тыныстады. Төртінші билік өкілдері өздеріне осы демалыс-ты сыйлаған Сауран ауданы әкімдігі-нің жауапты қызметкерлеріне алғыс-тарын білдірді. БАҚ қайда барасың? Ынтымаққа барамын деген осы.

БАҚ пен биліктің бірлігі қоғамды алға жетелейді.

Баспасөз турынан соң аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев журналистерге ауданның экономикалық дамуы мен әлеуеті туралы сұқбат бер, қойылған сауалдарға тұщымды жауаптар қайтарды.

Рухани құндылығы мол шара барысында туған жердің тарихына қаныққан журналистер   бабалар рухына тағзым етіп, Құран бағышталды. Сондай-ақ алған әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.

Ескендір ЕРТАЙ.