АГРОБАНК ҚҰРМАЙ ШАРУАЛАРДЫҢ КӨСЕГЕСІ КӨГЕРМЕЙДІ ІРІЛЕНДІРУ ҮДЕРІСІ ОҢАЙҒА ТҮСПЕЙДІ

123

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының тұралап қалуының сырын ашып, оны жедел оңалтудың жолдарын көрсетті. Әсіресе, су шаруашылығы саласына ерекше тоқталды. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметтер атқарған Түркістан қаласының құрметті азаматы, Сауран аудандық ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының мүшесі, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын реформалау жөніндегі комиссия мүшесі Оразгелді Өтегенұлы Егізбаевты әңгімеге тартқан едік.

 

— Оразгелді Өтегенұлы газетті алдыңызға жайып, «Жолдаудың» ұнаған тұстарының астын сызып қойыпсыз. Қандай ой түйдіңіз?

— Мен ауыл шаруашылығы саласының маманы болғандықтан өзіме жақын мамандығыма қатысты түйткілді мәселелер бойынша айтылған пікірлер мен тапсырмалардың астын сызып қойдым. Алдағы уақытта талдау, сараптау жасауыма қажет болады деп отырмын. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Маған ұнағаны көп қордаланған мәселелер ашық айтылған.

Мәселен, «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет»,-деп отыр Президент.

Бұл рас. Өйткені біздің жеріміз ұлан-байтақ. Халқымыз ата-бабамыздан келе жатқан мал бағып, егін өсіруді кәсіп еткен халықпыз. Жер көлемі бойынша дүние жүзінде тоғызыншы орында тұрғанымыз Президент айтқан мақсатқа жетуге болатын үлкен негіз болып табылады. Біз Еуразия құрлығына ғана байланып қалмай, әлемдік ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайтын қуатты мемлекетке айнала аламыз.

 

— Отыз жыл бойы мемлекет «нашар менеджер» деп жекеменшікті дамытуға үндедік. Енді ірілендіруіміздің жайы қалай болар екен?

— Иә. Отыз жыл бойы жекеменшікті дамытуда біраз жұмыстар атқарылғанымен Президенттің айтуынша, енді шаруашылықты ірілендіруге көшуіміз керек. Қазір енді ірілендіру үдерісі оңай болмайды. Өйткені, біз үлкен ауылдарды таратып, «жердің иесі болуы керек. Әркім өз жерімен жұмыс жасайтын болуы керек» деген оймен әсіресе, егін шаруашылығында 2-5 гектар жерлерді бөліп беріп, өте ұсақ шаруашылықтарға айналдырып алдық. Мұны енді қайтару қиын. Сондықтан, оларды кооперативтерге бірлесіп, жұмыс жасауға тартуымыз керек. Негізі, ірілендіру деген тіркесті пайдаланбасақ екен деймін. Егер, ірілендіру деген тіркесті айтсақ, халық оны жерін қосып жібере ме, қайта тартып ала ма деп баяғы колхоздастыру секілді бола ма деп үрейленеді. Яғни, барлық техникасы, жері бір орталыққа беріліп, шаруаларға бір адам билік ете ме деп қорқады. Себебі, осы Түркістан, Қызылыорда облыстарында осындай ірілендіру, бірігу жүргізіліп,оны басқарғандардың қолы таза, адал болмау оқиғалары жиі кездесті. Жерді, техниканы кепілге қойып, бас пайдасына пайдаланып кеткендер де болды. Ірілендірудің бір-ақ жолы бар. Ол кооперацияға біріктіру. Соған мүше етіп қабылдау. Қазіргі «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңның аздап кемшіліктері бар болғанымен жақсы. Дегенмен, осының өзі орындалмай жатыр. Себебі, орындалу тетіктері дұрыс емес. Заңда бірігу тек өз еркімен және кооператив қаулысымен бірігеді деп жазылған. Оны апарып әділет басқармасына тіркеу деген жері жоқ. Соған қарамастан облыс, аудан әкімдіктерінің шенеуніктері әділет басқармасына тіркелуді талап етеді. Оны талап етуші негізінен қаржы ұйымдары. Себебі, олар бәрін апарып тіркемесек, жауапты мекемеден айрылып қаламыз деп сескенеді. Ал, бұл жерде кооперацияға бірігу келісім шартпен жүзеге асырылады. Азаматтық кодексте көрсетілген. Келісім шартпен бірігіп, нотариалды мөрленген соң ол әділет басқармасына тіркелген құқықтық құжатпен бірдей заңды құжат болып табылады. Мұны заңгерлер түсіндіріп жатқан жоқ.