«ӘР ЛАУАЗЫМ ИЕСІ ЕЛ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН ТЕРЕҢ СЕЗІНУІ ТИІС»

172

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі кадр тапшылығына тоқталып кетті.

«Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн. Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек»,-деген болатын. Осыған орай, Сауран ауданындағы «Мансап» орталығының директоры Азамат Мұсырманқұловқа жолығып, Жолдаудан туындаған тың тапсырмалардың орындалу барысына тоқталуын сұраған едік.

— Қазіргі таңда Сауран ауданы аумағында кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында жұмыспен қамту жайы қалай жүзеге асырылуда?

— Сауран ауданы бойынша «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жоба аясында 2023 жылдың 1-қыркүйекке дейін жұмыспен қамту шараларына қатысушылардың саны және жоспарлардың орындалуы туралы мәліметке тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 қаулысымен бекітілген «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында 2023 жылы Сауран ауданы бойынша 5990 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған және жыл соңына дейін халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жұмыстар жалғастырылатын болады. «Ұлттық жоба» аясында биылғы жылдың 1-қыркүйегіне дейін, жобадағы бағдарламалар бойынша 5934 азамат жұмыспен қамту туралы өтініш білдірді. Олардың ішінде 4903 адам әлеуметтік шаралармен қамтылған. Бұл жоспарлы тапсырманың 82 пайызын құрап отыр.

 

— Қазір ауданда жұмыссыздар қанша әлеуметтік санаттарға бөлінген?

— Аудандағы жұмыссыздар бірнеше әлеуметтік санаттарға бөлінеді. Қазіргі таңда жұмыссыздар – 3741 азамат болса, өзін-өзі қамтығандар саны — 78 азамат. Жұмыс іздеушілер – 703 азамат, 381 азамат компазиттік қызметке тіркелді.

 

— Жұмыссыз ретінде тіркелу қалай жүзеге асырылады?

— Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап тағайындалады.

Бірақ жұмыссыз мәртебесін алу үшін Сіз бірінші қадамда сипатталғандай жұмыс іздеуші ретінде тіркелуіңіз керек. Содан кейін, халықты жұмыспен қамту орталығы тіркелген күннен бастап 1 жұмыс күні ішінде сізге лайықты жұмыс таңдау арқылы жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді.

Егер жұмыспен қамту орталығы осы кезең аяқталғаннан кейін сіз үшін лайықты жұмыс таппаса немесе сіз ұсынылған жұмыстан бас тартсаңыз, онда жұмыспен қамту орталығының маманы бір жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға Сізді жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешімнің жобасын электрондық түрде «еңбек нарығы» ААЖ арқылы жібереді. Осыдан кейін, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органның бірінші басшысы бір жұмыс күні ішінде «еңбек нарығы» ААЖ-да жұмыссызды тіркеу туралы шешімге электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды. Жұмыспен қамту орталығының маманы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган шешім қабылдаған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы хабарлама не бас тарту туралы хабарлама береді. Осы процедуралардан кейін, сол жерде Жұмыспен қамту орталығында жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алуға өтініш беруге болады.

— Жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді тағайындау мәселесі қалай шешіледі?

— Аудан тұрғындары жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау бойынша Мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдері былайша бөлінеді.

1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (ХҚО);

2) халықты жұмыспен қамту орталығы;

3) «электрондық үкіметтің» веб-порталы (бұдан әрі-портал) арқылы жүзеге асырылады www.gov.kz).

4) «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік порталы;

5) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы проактивті қызмет ақпараттық жүйеде ұялы телефон нөмірі болған жағдайда көрсетіледі.

 

— Ауданда жұмыс орындарын қайтарымсыз қаржымен қамту қалай жүзеге асырылуда?

— Сауран ауданында жұмыс орындарын (қайтарымсыз қаржы) субсидиялауды ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орнына – 270 орын жоспарланған болса, қыркүйекке дейін қамтылғаны 267 азамат болып отыр. Бұл жоспарлы тапсырманың 99 пайызға орындалғандығын көрсетеді. Жастар практикасына – 650 орын жоспарланған. Қамтылғаны 206 азамат. Яғни орындалуы 31,6% құрап отыр. Бүгінге дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға 800 орын жоспарланған болса, қамтылғаны 1110 адам болып, орындалуы 138,7% құрап отыр. Алғашқы жұмыс орындарымен қамтуға 65 орын жоспарланған. Қамтылғаны 60 адам, орындалуы 92,3% құрап отыр.

 

— Ауданда «Күміс жас» жобасы қалай жүзеге асырылуда?

— Мемлекет басшысының тапсырмасымен зейнетке жетуіне бірнеше жыл қалған жұмыссыздарды қамту мақсатында «Күміс жас» жобасы басталған болатын. Осыған орай ауданда «Күміс жас» жобасына бойынша 90 орын жоспарланған болатын. Қамтылғаны 120 адамға жеткізілді. Бұл жобаның орындалуы 133,3% жеткізіліп отыр.

 

— Мемлекеттік грантпен қамту жайы қалай болуда?

— Аудан бойынша мемлекеттік грантқа – 90 орын жоспарланған. Арнайы құрылған комиссияның шешімімен 1-ші лектің қорытын-дысына сәйкес 20 адам, 2-ші лектен 30 адам мемлекеттік грант иегері атанды. Аудан бойынша жалпы 50 адам мемлекеттік грантпен қамтылды. Оның орындалуы 50,0% құрап отыр.

 

— Кәсіпкерлігін жаңадан бастап жатқан жастарға арналған «Бастау бизнес жобасы» қалай шешілуде?

— «Бастау бизнес» жобасы аясында 180 азамат оқу жоспарланып, орындалуы 847 азамат оқытылды. Орындалуы 470,5% құрап отыр. Тұрақты жұмыс орындарына – 2616 орын жоспарланған. Бос жұмыс орындарына 2215 адам жоспарланған, жолданғаны 1084 адам, орындалуы 49,0%. «Ұлттық жоба» шеңберінде 21 нысан бойынша жаңа жұмыс орындарына 401 адам жоспарланған, жолданғаны 138 адам, орындалуы 34,4 % құрап отыр.

 

— Мүмкіншілігі шектеулі жандарды қамту қандай деңгейде?

— Жалпы жоба бойынша мүмкіншілігі шектеулі 237 адамды жұмыспен қамту жоспарланған болатын. 2023 жылдың 1-тамызға дейін, бағдарламалар бойынша 173 мүмкіншілігі шектеулі азаматтар жұмыспен қамтылды. Орындалуы 73 пайызды құрады. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 30 адам, әлеуметтік жұмыс орнына 4 адам, «Күміс жас» жобасына 2 адам, жастар практикасына 2 адам, қоғамдық жұмыстарға 34 адам, «Бизнес бастау» жобасы бойынша 93 адам тартылды. Мемлекеттік грантты 8 адам иемденді.

 

— Тұрғындарды Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекпен қамту сіздердің құзырларыңызға кіре ме?

— Иә, бұл қызмет түрі де біздің міндетімізге кіреді. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау» бойынша 2023 жылдың 1-қыркүйекке дейін орталық арқылы атаулы әлеуметтік көмекке 604 отбасының 3767 адамына 215751847 мың теңге тағайындалып, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жолданды. Оның ішінде шартты түрі бойынша 563 отбасының 3572 адамы-на 196518880 мың теңге тағайын-далған. Шартсыз түрі бойынша 49 отбасының 243 адамына 19232967 мың теңге тағайындалған болатын.

Сөзімді Мемлекет басшысының Жолдауындағы: «Жаңа экономикалық саясаттың қағидалары мен басымдықтарын нақты айқындаумен қатар, алдағы реформаларды сапалы әрі толық жүзеге асыру өте маңызды. Оның табысты болуы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне және саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты»,-деген сөзімен аяқтағым келеді. Шындығында, кез-келген мемлекеттік қызметкер өзіне берілген тапсырманы тыңғылықты орындап, өзіне өтінішпен келген адамдардың әлеуметтік сұранысын дер кезінде сапалы қамтамасыз етіп отырса, ауданымыздың жедел дамуына қосқан үлесіміз болып табылады.

 

Сұхбаттасқан:

Ләззат САРЫБАЕВА.