ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ ӨНІМДІ ЕСЕЛЕЙ ТҮСУДЕ
Мемлекет басшысы: «Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді», -деп ерекше атап өтті.
Осыған орай, Шаға ауылдық округіндегі кезінде майда шаруашылықтарға айналып, соңғы жылдары техникалары тозып, жерді игеру мүмкіндіктері төмендеп, түрлі тыңайтқыштар, жанар-жағармай алуға жағдайлары жетпегендіктен ірі кооперативтерге бірігу үдерісі қолайлы болып отыр.
Мәселен, қазірге дейін үш елді мекенде төрт ауыл шаруашылық кооперативі құрылды. «Түркістан Агро ХХI» кооперативі құрамында 80 шаруашылықтың 1044 гектар жері бар. Суармалы жерінің 780 гектары жаңбырлатып суару технологиясын пайдаланады. «Агро жетістік 2020» кооперативіне 120 шаруашылық бірігіп, нәтижесінде 1332 гектар аумақтың 300 гектарын жаңбырлатып суаруда. Ордабасы құс ЖШС мен «Ынтымақ» ауыл шаруашылығы өнімі кооперативіне 70 шаруашылық бірігіп, 710 гектарды игеруде. Оның 460 гектары жаңбырлатып суару технологиясына көшірілген.
Ақын молда Мұса шаруашылығына 136 шаруашылық бірігіп, 2144 гектарға иелік етуде. Қазіргі таңда СПК Сауранда 500 гектар жер жаңбырлатып суарылады. Осының нәтижесінде жалпы Шаға ауылдық округіндегі 406 біріккен шаруашылықтағы 5230 гектар жердің 2040 гектары жаңбырлатып суару технологиясына көшкен. Бұл өз кезегінде жылына кемі екі рет өнім алуға мүмкіндік әперіп отыр. Шағалық диқандар бидай, дәндік жүгері, жоңышқа, мақта, бақшалық дақылдар өсіруге маманданған.
Ауладағы және алқаптағы жүзім, бау-бақша көздің жауын алады. 2,4 гектарлық жылыжайда екі айналымдағы көкөністер өсіріледі. Бұған маманданған диқандар қауымы жаңа технологияларды өндіріске батыл енгізуде. Тамшылатып суару, жаңбырлатып суару және қарқынды бау өсіру әкімдік тарапынан да жоғары қолдауға ие болып отыр.
Мұның сыртында қырық мың гектарға жуық жайылымда 43904 қой-ешкі, 5768 бас ірі қара, 176 бас түйе, 1336 бас жылқы, 9398 құс өсіріледі. Мал өнімдері негізінен Түркістан қаласы мен Кентауға жіберіледі. Ал, өңделген мал өнімдері ел аумағына саудаланады. «Мамлакат» шаруа қожалығында қазіргі күнге құны 206 млн тұратын 625 бас ірі қара малға арналған мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Шаруа қожалығында құны 80 млн тұратын тәулігіне 15-20 бас мал союға мүмкіндігі бар мал сою бекеті ашылып, он адам жұмыспен қамтылды. «Мамлакат» шаруа қожалығында құрама жем шығаратын цех жұмыс істеп тұр. Төрт түлікті мал басын өз төлі есебінен ұлғайту жемісті жүргізілуде. Биылғы сегіз ай көлемінде егістік жерді игеру жоспарлы 4543 гектар орнына 4790 гектарға жеткізіліп, жоспар 105 пайызға асыра орындалды. Бір алқаптан екі үш қайтара өнім алу жоспары жүз пайызға жеткізілді. Сегіз айда жеті ауыл шаруашылығы техникасы жаңаланды. Осы мерзімде ауыл шаруашылығына тартылған негізгі инвестиция көлемі екі млрд теңгеге жақындады. Кешенді жұмыстарды атқару нәтижесінде сегіз айдағы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 6 млрд теңгеге жеткізілді.