САЛЫҚ ТҮСПЕЙ — БЮДЖЕТ БҮТІНДЕЛМЕЙДІ

71

Бұл туралы аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев нақты айтты. Жергілікті кіріс көздерін арттыру бойынша жұмысты жандандыру қажет. Ол ауыл әкімдеріне салық базасын ұлғайту шараларын үздіксіз ұйымдастыруға күш салуды тапсырды. Аудан әкімі төрағалық еткен аппарат жиынында төрт мәселе қаралды.

Алдымен Сауран ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Б.Кишибаевтің 7 айдағы есебі тыңдалды. 2023 жылдың 7 айға бекітілген мемлекеттік бюджет жоспары 113 пайызға орындалған. Басқарма басшысы салық түсімдеріне қатысты бірқатар мәселені екшеп өтті. Мәселен, жергілікті ауыл әкімдері кәсіпкерлердің заңды салық төлеуін қадағалауы қажет.

Мұнан соң баяндама жасаған құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қуаныш Таукебаев аудан аумағында заңсыз құрылыстарды анықтау бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде жұмысшы топ аудан бойынша 12 заңсыз нысанды анықтады. Түркістан облыстық бақылау жөніндегі басқармаға жауапкершілікке тарту және шара қолдану бойынша ұсыныс жолданды. Бөлім басшысының айтуынша, алдағы уақытта заңсыз құрылыс нысандарын анықтау мақсатындағы жұмыстар тұрақты түрде жасалынады. Өз кезегінде аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы көлеңкелі құрылыс салуды қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта аудан орталығынан салынатын төрт қабатты төрт үйдің құрылысын жүргізуге инвестор тартуды қадап айтты.

Ауданда мақсатына сай пайдаланылмайтын жер учаскелерін анықтау бойынша атқарылған жұмыстар және жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдердің жылдық жоспарының болжамды орындалуы туралы баяндамаға кезек берілді. Аудандық жер қатынастары бөлімі басшысы Ш.Алихановтың айтуынша 15 жер пайдаланушы жер учаскесін мақсатына сай пайдаланбай жатқандығы анықталған. Жерді мемлекет меншігіне қайтару үшін Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолданған. Сондай-ақ, баяндамашы ауылдық округ әкімдіктері тарапынан игерілмей және мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін анықтап, жергілікті атқарушы органдарға ұсыну жұмыстары мүлдем жүргізілмегенін айтты. Ауданға қарасты ауыл округтердің елді мекен шегінде өз бетінше тұрғын үй салып жер заңнамасын бұза отырып пайдаланып жатқан жерлерді заңдастыру барысы да айтылды. Мәселен, 1 136 өз бетінше тұрғын үй салып пайдаланып жатқан жер учаскелері анықталған. Заңға сәйкес 75 АЕК, яғни 258 750 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Жергілікті кіріс көздерінің орындалуы және жыл соңына дейін қосымша кіріс көздерін арттыруға атқарылатын жұмыстар туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндады. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жергілікті өзіндік кірістер бойынша жоспар 116.5%-ға орындалған. Аудандық бюджет жоспары асыра орындалғанымен, кіріс көздерінің 3 түрінен жоспар орындалмай отыр. Олар: Ірі кәсіпкерлік субъектілерінен; төлем көзінен салық салынатын табыстардан; әлеуметтік салық. Аудан аумағында 13 мемлекеттік балабақшалар, 28 жекеменшік балабақшалар жұмыс істейді. Мемлекеттік балабақшалардан өткен жылы 37,5 млн.теңге көлемінде салық төлемдері түссе, биылғы жылдың 8 айының қорытындысымен 15,9 млн.теңге салық түскен. Ағымдағы жылы төлем жүргізбеген балабақшаларда бар. Аудан көлемінде мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жерлер көп. Жер қатынастары бөлімі мен ауылдық огруг әкімдіктері түгендеу жұмыстарын жүргізіп, нақты ұсыныстар енгізу қажет. Сонда қосымша кіріс көздері едәуір артады.

— Нарықтық экономика салыққа тәуелді болғандықтан, салық базасының көзін тауып ұлғайту басты міндет. Көлеңкелі экономикамен күрес жүргізіп, қазына қаржысын еселеген жөн. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтауға тиіс емес,- деді Ғалымжан Үсенбаев.

Жиын соңында аудан басшысы ауыл әкімдері мен дербес бөлім басшыларына мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын қадағалауды тапсырды.