РЕСПУБЛИКАДА ЕТ ЭКСПОРТЫ БОЙЫНША ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АЛДА
Облыста мал басы және өнімділігі орташа есеппен 4%-ға өсуде. Ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында тұр. Ірі қара мал етінің үлесі – 85%, ұсақ мал 60% құрайды. Биылғы бес айда бес мың тонна ірі қара мал еті, 3 мың тоннаға жуық қой еті экспортқа жөнелтілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Республикалық бюджеттен облысқа 20 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Пилоттық жобаға 64 ауылдық округ белгіленді. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3 413 жаңа жұмыс орны ашылады, отбасылардың орташа табысы табысы 1,5 есеге өседі. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30%-ға азайып, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 10%-ға ұлғаяды деп күтілуде.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, өңірде экономиканың маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығында өнім көлемі 5 жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 трлн. теңгеден асты (2018 ж. 544,3 млрд.теңге). Агроөнеркәсіп кешеніне жалпы 336 млрд. теңге инвестиция тартылған. Салада жаңа технологиялар кеңінен қолдануда. Қарқынды бау көлемі биыл 5405 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналады. Су үнемдеу технологиясы 28 763 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9303 гектарға ендірілді. Аталған тәсіл, ағын суды 2 есе үнемдеуге, өнімділікті 3 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Республикадағы жылыжайлардың 71% облысқа тиесілі. Жалпы көлемі 1511 гектарға жетті. Өткен жылы 91 мың тонна өнім жиналды. 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарланып отыр. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 3 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналды. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 60 жобаны іске асыру жоспарланса (құны 54 млрд.тг., 1 318 жұмыс орны), бүгінгі таңға 16-сы іске қосылған.