НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ҚОҒАМДЫҚ СИПАТ АЛДЫ

145

Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында Сауран ауданы әкімдігі жанындағы Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті.

Жиынды комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев ашып, жүргізіп отырды. Жиынға комиссия мүшелері және тиісті сала мамандары қатысты. Комиссия отырысының күн тәртібінде 2 мәселе қаралды.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес, Сауран ауданында нашақорлық және есірткі бизнесінің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстары туралы аудандық жергілікті полиция бөлімінің қызметкері Е.Назир және аталған тақырып аясында өткізілген мәдени және спорттық шаралар бойынша аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Е.Әбу баяндама жасады.

Аудандық жергілікті полиция бөлімінің қызметкері Е.Назирдің мәлімдеуінше ювеналды полиция тобының қызметкерлерімен Сауран ауданы аумағында орналасқан мектептер, орта арнаулы оқу орындарында нашақорлыққа қарсы күрес пен қылмыстың алдын алу және оларға құқықтық бағдар беру бойынша іс шаралар атқарылған. Сонымен қатар, барлық мүдделі мемлекеттік органдарды және мемлекеттік емес ұйымдарды жұмылдыра отырып, профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Аталмыш білім беру орындарында бөлім бастығының нұсқауымен бөлімнің криминалды полиция және ювеналды полиция тобының инспекторларымен бірлесіп, «Жасөспірімдер арасында есірткі қолдану проблемалары» және «Нашақорлыққа қарсымыз!» атты дәрістер ата-аналар жиналысында өткізілгенін жеткізді.

Бұдан бөлек, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Е.Әбу бөлім тарапынан нашақорлыққа қарсы 14 іс-шара өткізілгенін, оның 8-і мәдени, 6-сы спорттық шара ұйымдастырылғанын атап өтті.

Комиссияның күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар айтылып, хаттамаға түсіріліп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға уағдаласты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары С.Садибаев қорытындылады.