ЖОЛДАУДАҒЫ «ТАРИФТІ ИНВЕСТИЦИЯҒА АЙЫРБАСТАУ» БАҒДАРЛАМАСЫ ШЫМКЕНТТЕ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР?

157

Айсұлу ӘЛІБЕКОВА,

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы:

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын. Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес, қайсы монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді. Өйткені, еліміздегі коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткен. Кейбір электр, жылу станцияларының салынғанына 50-60 жылдан асып кеткен. Президент бұл мәселеге уақтылы назар аударып, тиісті жұмыс жүргізілмесе, еліміздің энергетикалық дағдарысқа тап болып, халықтың жарық пен жылусыз қалуы мүмкін екенін ескертті.

Осы орайда Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қаласы әкімдігінің бірлескен бұйрықтарымен «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің 2023-2026 жылдарға қосымша инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Оған сәйкес, монополист компания осы уақыт аралығында 38,3 шақырымдық кәріз жүйесін реконструкциялайды. Бұл кәріз желілерінің тозуын 77 %-дан 71,65%-ға немесе 5,35%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Ал «3-Энергоорталық» АҚ-ның жылу энергиясын өндіру қызметіне 2022-2026 жылдарға арналған тарифтері мен тарифтік сметасы және инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Жылу энергиясын өндіру қызметіне бекітілген инвестициялық бағдарлама негізгі құралдарды күрделі жөндеуге бағытталған іс-шараларды көздейді, бұл негізгі құралдардың тозуын 60,7 %-дан 57,7%-ға немесе 3,02%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ инвестициялық бағдарлама аясында биыл 76,712 шақырым газ құбырын қайта жаңарту көзделген.