ШЫМКЕНТ ТУРАЛЫ АЛҒАШҚЫ ТАРИХИ ЖАЗБАЛАР

183

Шымқала туралы алғашқы жазба Шарафаддин Иаздидің Ақсақ Темір жорықтары туралы жазған «Зафар-наме» (Жеңіс кітабы) атты еңбегінде кездеседі. Ол еңбекте Ақсақ Темір 1365-66 жылдары Моғолстанға бара жатқан жорығында алдында жүріп кеткен әскері мен жүк артылған көліктерін Сайрам маңындағы Шымқала деген қоныста кездестірді деп жазады. Міне, Шымкент туралы алғаш рет нақты көрсетілген тарихи жазба – осы дерек болып есептеледі.

Десе де, бір зерттеушілер қытай жиhанкезі Сюань-Цзянның Испиджаб (Сайрам) туралы ҮІ ғасырда жазған жазбасында Шымкент Испиджабтың іргесіндегі елді мекен ретінде көрсетілуі мүмкін деп болжам жасайды. Қалай дегенде де, Шымкент жайындағы ең көне нақты жазба жаңағы Шарафаддин Иаздидің дерегі болып табылады. Бірақ археологиялық қазбалар Шымкенттің Шарафаддин Иазди жазған уақыттан көп бұрын пайда болған қала екенін дәлелдеп жатыр. Мысалы, өткен ғасырдың басында қаланың бұрынғы қамалының орнынан табылған бір еркек пен бір әйелдің мәйіттері зороастралық дәстүрмен жерленгені анықталды. Осындай анықтамалардан кейін ғалымдар бұл мәйіттің иелері осыдан 1500 жыл бұрын жасаған адамдар екенін мойындаған. Демек, заманымыздың V ғасырында бұл жер адамдардың үлкен қауымы тұрған қоныс болған. Басқа бір археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қолға түскен заттай айғақтар Шымкент аумағында адамдар V ғасырдан әлдеқайда бұрын тұрғанын әйгілейді. Бір кездері бұрынғы «Фосфор» зауыты маңайынан және қаладағы қазіргі «Май» комбинаты тұрған жерден табылған керамикалық бұйымдар заманымыздан ІІ мың жыл бұрынғы, яғни Андронов мәдениеті кезеңінің заттары екені анықталған. Ал «Химфарм» зауытының жанынан табылған қола қанжар б.з. мың жыл бұрынғы Сақ дәуіріне жататыны дәлелденген.
1888 жылы Түркістан әуесқой археологтар үйірмесінің жетекшісі Николай Остроумов басқарған топ Бадам жағасындағы Албакент жотасына жүргізген қазба кезінде ҮІІІ-Х ғасырларға жататын балшықтан жасалған бұйымдар, 1890-1900 жылдар аралығында Шымкент аумағынан Х -ХІІ ғасырларға тиесілі өзге де көптеген бұйымдар мен заттар тапқан.

1965-1970 жылдарға дейін қазіргі Әл-Фараби алаңының түстік жағынан ағып өтетін Қошқарата бойында көптеген көне молалардың орындары болатын. Мұнда молалардың арасындағы ең көрнектісі Дербіш бабанікі еді. Өкінішке орай, осы жерге 1970 жылдары «Айгүл» дүкені мен оның маңындағы көпқабатты үйлер салынғанда осы молалардың барлығы сырылып кетті. Міне, осы молаларды кейбір зерттеушілер біздің заманымыздың І-V ғасырына жататын мазарат санайтын. Ал аңыз бойынша, Дербіш баба ХІІ ғасырда жасаған Ахмет Яссауидың замандасы екен. Осы аңыз бен Дербіш баба моласын алға тартқан А.Добромыслов өзінің ХІХ ғасырдың аяғында шығарған «Сырдария облысының қалалары» атты кітабында Шымкент ХІІ ғасырда пайда болған қала деп жазады. 2003 жылы «Шымкенттің орта ғасырлық кезеңін археологиялық қазбалар бойынша зерттеу» жобасымен жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған көне жәдігерлер бұл қаланың өте ескі шаhар екенін айқындап берді.
Қазба кезінде топырақтың үстіңгі қабатынан ҮІІІ ғасырға жататын бетінде «Әл-Махди» деп жазылған жазуы бар монета, VІІ-Х ғасырларға және Қараханидтер дәуіріне жататын керамикалық заттар қолға ілікті. Ал терең жерден заманымыздан бұрынғы ІІ ғасыр мен заманымыздың ІІ-ІІІ ғасырларына тиесілі аса құнды жәдігерлер табылды. Ғылымда мұндай жәдігерлер көне Соғды жұртына тән екені белгілі еді. Осыған қарап, ғалымдар көне Шымкент тұрғындарының Самарқан жұртымен тығыз байланыста болғанын нақтылайды. Осыдан кейін археолог ғалымдар Шымкент қаласының жасы 2200 жылға тең және сонша жыл бұрын осы жерде әжептәуір көлемдегі қалашық болған деген тұжырымға келді. Осылайша, жоғарыда жазылған Андронов мәдениеті мен Сақтар дәуірі кезеңінің заттай айғақтары осы қазба кезінде табылған бұйымдармен сәйкес келіп, Шымкенттің (Шымқаланың) өте көне қоныс екені анықталды.
Қала аумағынан табылған көне бұйым-заттар Сақ заманына және б.з. бұрынғы ІІІ-ІІ ғасырлар мен б.з. ІІ ғасырлары аралығына жататын болса, жаңағы төбелер де сол заманнан қалған құрылыстар. Мәселен, «Фосфор» зауыты маңынан табылған бұйымдарды ғалымдар тура осы кезеңге жатқызса, дәл сонда сол заманда тұрғызылған төбе тұр. Әдетте, ғылымда мұндай төбелерді «Қорған төбелер» дейді. Зерттеушілер Қошқарата бойындағы ірілі-ұсақты төбелерді де «Қорған төбелер» деп атаған. Әлгі айтқан Дербіш баба сағанасы маңындағы ескі қорымдар Сақ дәуірінен қалған молалар. Сақтар әулеттік молаларды биік қылып үйген. Сол кезден бері қанша уақыт өтсе де, жаңағы молалардың жермен-жексен болмай, кішкене болса да сақталып келгені сондықтан.
Ғасырлар безбенінде өлкемізде қандай тарихи оқиғалар өтпеді деңіз. Бір өкініштісі, олардың бәрі жазылып, тасқа басылып қалмаған. Соған байланысты бір орта ғасырларда Шымқалада hәм оның төңірегінде қандай саяси-қоғамдық өзгерістердің өткенін білмейміз. Бірақ та, бір кездері мұнда өз ата-бабаларымыздың өмір сүріп, тұрмыс-тіршілік кешкенін анық бағамдаймыз. Бұл жер сонау көне жұрттар – Сақ пен Қаңлы – Үйсін заманынан кейін әр кезеңде бірін-бірі алмастырған әр түрлі түркілік ұлыстар мен қағанаттардың иелігінде болды. Бір кезде бұл жерді атақты Ғұн жұртының бір слемі Ақ Ғұндар, яғни эфталиттер жайлады. 552 жылы Түркі қағанаты құрылған кезде ежелгі Қаңлы-Үйсін жұртынан тараған тайпалар одағы болып табылатын «он оқ» рулары тұрды. Он оқ өзара «бес дулу» (Дулат) және «Бес Нүшибе» болып бөлінді және бұлар Түркі қағанатының негізін құрады. 603-704 жылдар аралығында Батыс Түркі жұртының орталық мекені болды. Одан кейін Шымқала аймағын Түргеш (704- 756жж), Қарлұқ (756 – 940жж), Қарахан (942 -1210жж) қағанаттар иеленді. Бұл қағанаттардың аттары өздерінің билік кезеңдеріне орай өзгеріп отырғанымен, құрамындағы ру-тайпалар одағы өзгерген жоқ.
1210 жылдан кейін Шымкент өңірі бір мезет Батыс Лияу патшалығы мен Хорезм билеушілерінің билігіне өтті. Ұзамай мұнда Шыңғыс ханның қаhарлы әскерлері жетті. Олар Бұқар мен Самарқан тарабына бара жатқанда тура Шымкент арқылы Бадам өзенін кешіп өтті. Қазіргі Ақжар ауылының маңындағы жазыққа аялдап, алдағы соғыс барысына талдау жасайды және осында біраз күн қонақтайды.