ЖАС САРБАЗДАР АРАСЫНДА ӘСКЕРИ САЙЫС ӨТІП ЖАТЫР

108

Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы 25 қазан – Республика күніне орай «Жас жауынгер» әскери-патриоттық сайысын ұйымдастырды. «Машат-Арасан» демалыс аймағында өткен әскери жарысқа қаламыздағы 12 мектептен 120 оқушы қатысты.

– Шымкент қаласындағы 12 мектеп жанынан «Жас сарбаз» мамандандырылған сыныбы жасақталған. Бүгін сонда алғашқы әскери білімін жетілдіріп жатқан жас сарбаздар өзара сайысқа түсіп, алған білімін сарапқа салады. Бұл іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім мен адамгершілік қасиеттерді, азаматтық белсенділікті арттырып, Отан алдындағы борышқа жауапкершілікпен қарауға бағытталады, — дейді қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Мағжан Исахов.

Сайысқа қатысушылар футбол, волейбол, арқан тарту, садақ ату, 100 метрге жүгіру, АК-74 автоматын бөлшектеп, жинау, пневматикалық винтовкадан ату және кермеге тартылу секілді әскери бағыттағы спорт түрінен бақ сынайды.

–Бүгінгі жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жас сарбаздар әскери өмірдің бір күнін көзбен көріп, бастан өткергені мектепте алған білімінен әлдеқайда жоғары. Өйткені ата-анасы мен мұғалімдерінен жырақта болған жастардың бойында бір сәтке болсын әскерге тән сабырлық, тәртіпке бағыну секілді ұғымдар қалыптасады. Сондықтан мұндай жарыс ай сайын ұйымдастырылса игі еді, — дейді қаладағы №68 мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі Асқар Иманқұлов.

Демалыс аймағына таңертең ерте келген жастар кермеге тартылу, автоматты шашып, қайта жинау секілді сайыстарын бастап жіберді. Жастардың бойындағы рух пен Отан алдындағы борышын сезінуі олардың жарыстағы белсенділігінен-ақ аңғаруға болады.

–Мектеп қабырғасындағы өзара сайыс пен қазіргі жарыстың айырмашылығы өте көп. Өйткені қаладан тыс жердегі әскери өмірді бастан өткеріп, сабырлы болуды, темірдей тәртіпке бағынудың қаншалықты маңызды екенін сезіндік. Өзім күнделікті үйде жаттығу арқылы денені шынықтыруды қолға алғанмын.