«КҮТЕМ СЕНІ» – ОТБАСЫНЫҢ ҚАДІРІН ҰҒЫНДЫРҒАН ҚОЙЫЛЫМ 

192

Шымкент қалалық опера және балет театрында хор ұжымы «Күтемін сені» атты композициялық драманың жаңа форматтағы қойылымын көрерменге паш етті. Сюжеттің негізінде екі басты кейіпкер – Баритон мен Колоратурлық Сопрано арасындағы махаббат хикаясы баяндалды. Қойылымды сахналаған актерлер және театрдың хор ұжымы өнер мен шынайы өмір әлеміндегі нағыз оқиғаны театр сүйер қауымға жеткізіп, ерекше атмосфера сыйлады. ⁣⁣ ⁣⁣

–«Күтем сені» – композициялық драма, классикалық мюзикл. Біз бұл қойылымды жастарға арнап сахыналадық. Әрі осы қойылым арқылы Шымкент қалалық опера және балет театрының 15 жылдық тарихын зерделей отырып, театр өнеріндегі еңбегін көрерменге жеткізуге ұмтылдық. Қойылым ерекше жанрда, заманауи стилде сахналанды және халық әндері мен танымал қазақ композиторларының әндері арқылы көрермендерді керемет әсерге бөлегені сөзсіз, – деді режиссер Шағуан Үмбетқалиев. ⁣⁣
Оқиға желісі Баритон мен Колоратурлық Сопраноның жастық шақтағы пәк махабатынан бастау алады. Екеуі қыз-жігіт болып жүргенде махабаттың буына балқыған Баритон үйленуге бел байлайды. Алайда, қалтасында соқыр тиыны да жоқ ол достарынан көмек сұрайды. Қасындағы адал достары бірігіп, кең далада Баритонға той жасап береді. Барлығы тойды мәз-мейрам, шат-шадыман болып өткізеді. Қонақтар тарқасып, қос ғашық оңашада қалып, атқан таңды таудың етегінде қарсы алады. Дүниеге нұрын шашып күн шыққанда қос ғашық алдағы өмірін жоспарлап, армандарынан сыр шертеді.
Күндер зулап, сағаттар сырғып өте берді. Әлі нәресте сүйе алмаған оларға туыстары сөйлей бастайды. Келінге ауыр сөздер айтып, көңіліне қаяу түсіреді, бірақ бір-бірін шын сүйген ғашықтарға бұл кедергісін келтірмейді. Араға жылдар салып Баритонның әйелі ұл табады. Оны жігіттің досы сүйінші сұрап, қуанышын бөлісті.
Нәресте өсіп, бала-бақшаға барар жасқа жетті. Бір күні мектептің де табалдырығын аттады. Бірақ, бұл отбасының өмірі күнделікті күйбең тіршіліктен ары аспады, біріне-бірі ұқсас сүреңсіз күндер қайталана берді, қайталана берді. Жоқшылық та есік қағып, таршылықтың күйін кешті. Махаббат алауы бәсеңдеп, үйде ұрыс-жанжал жиілей түсті. Мұның соңы қос ғашықтың айырылысуына әкеп соқты.
Ғашықтардың таңмен таласа айтқан асыл армандары адыра қалды. Баритон қарлығашын ұясынан ұшырып алып, балапанын қорғай алмаған байғұстың күйін кешті. Бірнеше күннен кейін, баласының ауруханаға түскенін жанында жүрген досы айтты. Жүрегі дүрсілеп, уайым басқан әкесі алды-артына қарамай ауруханаға барып, дәрігерден бөбегінің хәлін сұрайды. Дәрігер жағдайы жақсы екенін айтып, абыржулы әкені сабырға шақырды… Ауруханада әйелін кездестірген Баритон бар өкінішін білдіріп, отбасын сақтай алмағынына қынжылды. Ғашығына қайта қаушыар сәтті ұзақ күткенін айтып, отбасынан кешірім сұрап, екеуі қайта қосылады. ⁣⁣
Қойылымның әсерлі болғаны сондай көрермен бірде көз жасына ерік берсе, бірде күлкі мен қуанышқа кенелді. Ойлы жанның жүрегіне жол тапқан «Күтемін сені» композициялық драмасы отбасының қадірі мен құндылығын тағы бір мәрте сезіндіріп, баянды баққа жету үшін соқтықпалы, соқпақсыз өмір жолындағы қиындық пен тауқымет атаулыны бірге көтеру керектігін көрерменге ұғындырды. ⁣⁣

Айдана Мұхтарова