ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 78 АГРОКЛАСТЕР ҚҰРЫЛДЫ

103

Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығында ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров 9 айда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап берді.

Басқарма басшысының сөзінше, жыл басынан бері шаһарда мал шаруашылығы бойынша оң өсім байқалып, ірі қара саны 62,9 мың бас, ұсақ мал 77,6 мың бас, жылқы 10,6 мың және құс 930 мың басқа жетті. Нәтижесінде бұл бағытта өнімділік 8,1 пайызға өскен. Атап айтқанда, 6,4 мың тонна ет, 46,1 мың тонна сүт, 125,1 млн дана жұмыртқа өндіріліпті.
–Биыл 15 млрд теңгені құрайтын 16 жобаны іске асыру арқылы 262 жұмыс орнын құру жоспарланған болатын. Қазірге дейін 8,1 млрд теңге қаржыға 3 сүтті қайта өңдеу кәсіпорыны мен 4 мал бордақылау алаңы, 3 тауарлы сүт фермасы және 1 жылыжай кешені іске қосылды, — деді Ә.Жанбатыров.
Шымкенттің ауыл шаруашылығында осы жылы кластерлік жобаларды дамытуға басымдық берілген. Мұндай жобалар ірі кәсіпорындардың қуаттылығын арттырып, шаһарды азық-түлікпен қамту мәселесін шешуге және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Басқарма жыл басынан бері шаруалар арасында түсіндірме жұмысын жүргізгенінің арқасында 78 кластерлі жоба құрылған. Олар – құлпынай, ащы бұрыш, көкөніс, мал бордақылау, бал ара және балық шаруашылығы.
–Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу жөнінде тапсырма берген еді. Бұл бағыт бойынша Шымкент қаласында нақты бастамалар қолға алынған. Қазірдің өзінде өңделген өнімнің үлесі жетпіс пайыздан асып отыр. Өңделген өнімдердің негізін ұн, макарон өнімдері, сүт өнімдері, күнбағыс майы құрап отыр. Ендігіде бұл көрсеткіштің көлемін арттыру үшін Қайнарбұлақ тұрғын алабында «Бозарық» агроиндустриалды аймағы құрылып, қазір инфрақұрылым желілерін тарту жұмысы аяқталуға таяды. Қала төңірегіндегі, оңтүстік өңірі мен көрші елдерден келетін шикізаттар осы индустриалды аймақтарда қайта өңделіп, ішкі нарық пен экспортқа шығарылады. Аймақта 30 жобаны жүзеге асыру мақсаты тұр. Қазірдің өзінде 3 жобаның құрылыс жұмысы басталып кеткен. Агроиндустриалды аймақтағы жобалардың барлығы толық іске қосылса, қайта өңделген өнімнің үлесі 80 пайыздан да жоғарылайды, — деді басқарма басшысы.
Елімізде жуырда ұнның бағасы өсіп, нанның қымбаттауына алып келді. Шымкентте «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұн өндірушілерді жеңілдетілген бағада астық жеткізу үшін 4 588 тонна бидай ұсынып отыр. Нәтижесінде, диірмендер наубайханаларға ұнды 145 теңгеден босатып, қаладағы 1 800 сауда орынында әлеуметтік нанның бағасы 90 теңгеден сатылып жатыр.

«Шымкент келбеті»