ДОСТЫҚ АУЫЛЫ ТАНЫМАСТАЙ ҚҰЛПЫРА ТҮСУДЕ
1993 жылы Ескі Иқан ауылдық округінің шағын ауылына Ираннан қандастарымыз көшіп келген болатын. Күні кешеге дейін «айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау» болып келген, биліктің қолдауынсыз жастары қалаға қашып, кемпір-шалдары ғана қалған. Әбден берекесі кеткен елді-мекеннің Сауран ауданы құрылғалы бері еңсесі көтеріліп, енді есі кіре бастады. Өткен жылы Республикалық ономастика комиссиясының шешімімен Достық ауылы Мәшһүр Жүсіп ауылы атанса, мектепке ғұлама ғалым Рахманқұл Бердібаевтың есімі берілді. Жақында оранғайлық мүсінші Ғұлам Сұлайманов Достық ауылы тұрғындарының тапсырысымен Рахманқұл Бердібаевтың мүсінін жасап қойғанын хабарлады. Енді ресми түрде ашылуын күтіп отыр.
Бәрінен бұрын жаңадан құрылған Сауран ауданы, Ескi Иқан ауылдық округіне қарасты Достық ауылында жаңа мешіттің құрылысының басталғанына халық риза. Демеушілердің көмегімен салынып жатқан мешіттің жалпы алаңы 360 шаршы метрді құрайды. Мешіт құрылысына демеушілік жасап отырған Түркiстан қаласының тұрғыны, кәсіпкер Саид Бөрібайұлы. Жоба бойынша мешітте 700 адам бір мезетте намаз оқи алады. Сондай-ақ, медресе мен автотұрақ салынады деп көзделуде.
Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Сайтовтың баяндауынша, көп жылдар бойы басшылықтың қарауынсыз қалып келген Достық ауылына мемлекеттік тұрғыда назар аударыла бастады. Достық елді мекенінде балалар ойын алаңын салуға қарастырылған қаржы 30 млн теңге болды. Оған балалардың ойын алаңы ғана емес, оның сырты қоршалып, балаларға арналған воркауттар да қамтылды. Ескі Иқан ауылдық округі Достық елді-мекенінде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қарастырылған қаржы 19 млн 808 мың теңге құрады. Ескі Иқан ауылдық округі, Достық елді-мекені, Достық-2 көшесіне тас төсеу мақсатында Үкімет тарапынан 1 млн 458 мың теңге бөлініп, жеке кәсіпкер «Жағалбайлы» мен келісім-шарт жасалынып, жұмыстар толығымен атқарылды. Ескі Иқан ауылдық округі, Достық елді-мекені, Әйтеке би көшесі бойында орналасқан тұрғын үйлердің ауласында орналасқан электр бағаналарын көше бойына көшіру мақсатында Үкімет тарапынан 1 млн 446 мың теңге бөлініп, жеке кәсіпкер «Елнұр» мен келісім-шарт жасалынып, жұмыстар орындалды.
Достық ауылындағы 127 тұрғын үйге ауыз су құбыры тартылды. Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы 705 метр ұңғыма қазылды. Қазіргі таңда су құрамын зерттеу жұмыстары аяқталып бюджет есебінен су мұнарасының құрылыс жұмыстарына 20 млн теңге қаржы бөлінді. Су мұнарасы құрылысы біткен соң «Достық» елді-мекені халқын тәулік бойы таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Ауылдық округті табиғи газбен қамтамасыз етудің екінші кезеңі аясында Достық елді-мекені және Диханабад елді мекендеріндегі тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
Сондай ақ, Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан Шарап Ата көшесінде автожолды және аяқ жолды күрделі жөндеуден өткізу мақсатында қарастырылған қаржы 29 млн 906 мың теңге болып отыр. Ескі Иқан елді-мекені тұрғындарына табиғи газ жеткізу жоспарлануда. Ескі Иқан елді-мекені халқын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты «Иқан су Қытай» учаскесінен құбыр тарту бойынша жұмыстар атқарылуда.