ОЗАТ АУЫЛДЫҢ ОҢҒА БАСҚАН ОН ҚАДАМЫ

133

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев 2022 жылы атқарған жұмыстары және 2023 жылы жүзеге асырылатын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Ескі Иқан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Айта кету керек, Ескі Иқан ауылдық округі өткен жылы «Алтын күз» атты жыл қорытындысы бойынша ауданда бірінші орынға шықты.

Қазіргі таңда Ескі Иқан ауылдық округінде 20 мыңға жуық адам тұрады екен.

Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың 2023 жылдың бірінші тоқсаны бойынша өткен кездесуде алдымен Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Д.Сайдовтың 2022 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Бұдан соң аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың 2022 жылы атқарған жұмыстарының есебі туралы бейнефильм ауыл тұрғындарының назарына ұсынылды.

Ескі Иқан ауылдық округі тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы 2023 жылы аудан көлемінде атқарылатын жұмыстарды баяндап өтті. Соның ішінде коммуналдық салаға кеңінен тоқталған аудан әкімі ауыз су, табиғи газ, электр қуатымен қамтамасыз ету, жол, көгалдандыру, кәсіпкерлік және туризм, әлеуметтік, білім, денсаулық салалары бойынша биылғы жылы жүзеге асырылатын жұмыстарға тоқталды.

— Ауылымыздың халқы өте еңбекқор. 12458 гектар жеріміз бар. Оның ішінде егістік жеріміздің 1688 гектары көпшілігі екпелер яғни баулар. Қалған 10770 гектар жеріміз бұл бір жылдық екпелер. Ауылымыздың төңірегінде егетін жерімізде атап айтатын болсақ, мақта, жүгері, бақшалық дақылдар егіледі. Жалпы біздің ауылдың маңындағы10770 гектардың 6800 гектарына жуық алқапқа мақта егіледі. Бұл жеңіс — ауылдастарымның жаз бойғы тынымсыз еңбектерінің жемісі деп ойлаймын,-дейді Дилшод Сайтов.