ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БАҒЫТЫНДА МӘЖІЛІС ӨТТІ

153

Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың төрағалығымен Сауран ауданы әкімдігінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы болып өтті. Басқосуға комиссия мүшелері, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары және тиісті сала басшылары қатысты.

Комиссияның күн тәртібінде 3 мәселе қаралып, барлық мәселе бойынша Сауран аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ахан Сапарбеков баяндама жасады. Алдымен ауданның құқық бұзушылық пен қылмыстылықтың статистикалық мәліметіне байланысты ұрлық, бөтеннің мүлкін ұрлаудың, алаяқтылықтың профилактикасына бағытталған іс-шараларды іске асыру, оларды шешу жолдарына тоқталды.

Бұдан бөлек, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ахан Дәуірұлы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қоғамдық орындар мен көшелерде құқықтық тәртіпті күшейту жүйелері туралы және ұлтаралық қақтығыстарға жол бермеу мақсатында уәкілетті органдармен бірлесе проблемалық ошақтарды анықтау және оның алдын алуға бағытталған іс-шараларды жүргізу бойынша хабарлап өтті.

Мәжіліс соңында аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті ұсыныстарын білдіріп, алдағы уақытта бұл бойынша барлық сала бірлесіп жұмыс жүргізуді тапсырды.