«КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫН ДЕР КЕЗІНДЕ АЯҚТАЙЫҚ»

178

Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжілісті аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев ашып, жүргізіп отырды. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Атап өтсек, көктемгі дала жұмыстары мен үш жақты келісім-шарттың орындалуы туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрмахан Молдабаев, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Түркістан қаласы мен Сауран ауданы бойынша аумақтық инспекциясының ветеринариялық қызметінің атқарған жұмыстары туралы аталған мекеменің басшысы Болат Мұсаев, ветеринариялық қызметі Сауран аудандық филиалының басшысы Гүлжан Бөрібаева, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары туралы бөлім басшысы Жанар Жұмабекова баяндама жасады.

Жиналыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Нұрмахан Өмірәліұлының мәлімдеуінше аудан бойынша 2023 жылы 42200 гектар егістік жерге ауылшаруашылық дақылдарын егу жоспарланған. Атап айтқанда: бидай — 4259, дәндік жүгері — 3 500, мақсары – 300, күнбағыс – 100, көкөніс — 2 137, картоп – 506, бақша — 6 422, мақта – 11000, мал азығы (жоңышқа, сүрлемдік жүгері) — 13976 гектарға егілмек.

Жыл сайын шитті мақта бағасы мен күз айында ағын су тапшы болуына байланысты өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан, мақта егу көлемін азайтып, орнына басқа дақыл егу қажеттілігі жөнінде шаруаларға ауылдық округі әкімдігі тарапынан түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 2990 тонна жанармай бөлінген. Ауылдық округтер бойынша қажеттілік көлемі мен алатын шаруалардың тізімі қалыптастырылған. Дизель отынын таратушы 2 оператор анықталып, бағасы 205 теңгеге белгіленгенін мәлім етті.

Бұдан бөлек, үш жақты келісім бойынша Сауран ауданы агроөнеркәсіп кешенінің 2023 жылға жоспарланған даму көрсеткіштері (3 жақты келісім) бекітіліп, ауылдық округтердің экономикалық әлеуметтік жағдайына байланысты және шаруалардың бейімділігіне қарай көрсеткіштері бөлінгенін айта келе, бөлім тарапынан атқарылуы тиіс ұсыныстарын жеткізді.

Жиын соңында аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев күн тәртібіндегі қаралған мәселелерді саралай келе, тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, орындалуы бойынша тиісті жұмыстарды дер кезінде аяқтау керектігін тапсырды.