ШОҚТАСТЫҢ ШОҒЫРЛАНҒАН ШАҒЫМДАРЫ

159

ШОҚТАСТЫҢ ШОҒЫРЛАНҒАН ШАҒЫМДАРЫ

Кентаудан-15, Ынтымақтан -45, Сауран ауданы орталығынан 80 шақырым жерде орналасқан Шоқтас ауылының бағы ашылмай қойды. Алдымен Түркістанға, одан Кентауға қарады. Енді 80 шақырымдағы Сауран ауданының қарамағына өтті. Ауыл тұрғындары өгей баланың күйін кешуде.

АЙДАЛАДА АҚ ОТАУ, АУЗЫ МҰРНЫ ЖОҚ ОТАУ

 

«Айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау» деп атаған Шоқтас ауылын Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жиырма үй ғана қалғандықтан, атқамінерлер «Болашағы жоқ елді-мекендердің» қара тізіміне енгізіп, жер бетінен сүріп тастауға сәл-ақ қалыпты. Ол кезде жиырмаға жуық Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен көп балалы аналар өре түрегеліп, әупіріммен алып қалған көрінеді.

Шағаға дейін жеткен автобустар Шоқтасқа қарай аттап баспайды. Себебі, жолы жаман. Кентаудан Ащысай полиметалл комбинаты жұмысшылары салған саяжай таяқ тастам жер болса да, онда аялдаған автобустар келмейді. Қазір осы саяжайға Кентаудағы Болат Қалмырзаев басқаратын «Тұлпар» ЖШС-нің «Пазик» автобусы жиі қатынайды екен. Шоқтастықтар осы бағдарды саяжайдан асып кеткенде үш-ақ шақырым болатын ауылға дейін жеткізсе деген өтініштерін айтты.

 

ҒАСЫРЛЫҚ МЕКТЕПТІ ҚИМАЙТЫН НЕСІ БАР?

 

Ауылдың ортасында 1924 жылы бой көтерген келесі жылы ғасыр жасайтын төрт сыныптық бастауыш мектепті қазақтың маңдайына біткен сыншысы Әшірбек Сығай да бітірген екен. Қазір бұл мектепте қырық шақты бала оқиды. Бір қабырғасы құлап, оның ішін есектер мен оқалақ тиген тайыншалар паналайды. Жақында ғана ауыл биі болып сайланған Қуаныш Жақыпбековтің арқасында сыныптас досы кәсіпкер Рауан Жанадилов 320 орындық жаңа мектеп салып беріпті. Биылғы жаңа жыл қарсаңында мектеп құрылысы аяқталғанымен, әлі күнге дейін лицензия ала алмай, бүлдіршіндер ғасырлық мектептен шыға алмай отыр.

Шаға ауылдық округінің әкімі Абдумуталип Нарымбетов: «Сауран аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшылығы оқу жылының аяқталуына бір ай қалғанда мектепке лицензия берілмейді»,- деді. Енді амалсыз қыркүйекте жаңа оқу жылына ашамыз. Бірақ оған дейін де мектеп-балабақша етіп ашып, балалардың жазғы оқу лагері етіп пайдалануға да болар еді», — деген пікірде.

Ауыл биі Қуаныш Жақыпбеков: «Балабақша ашу кәсіпкерге тиімсіз. Рауан Жанадилов осы мектеп жанынан интернат салуға қам жасап жатыр», — деген жақсы жаңалығын жеткізді.

Ұзақ жылдар бойы осы мектепте ұстаздық еткен Бақтылы Абдуллаеваның айтуынша, жаңа мектеп ашылса, Шоқтастың тұрғындары Кентауда, Түркістанда оқып жатқан балаларын осында алып келер еді. Ал, саяжайдың өзінде 270 отбасы тұрады екен. Олар да жаңа мектептің ашылуын сарғая күтіп жүр.

 

САПАЛЫ СУ ҚАШАН БЕРІЛЕДІ?

 

Шоқтас ауылы мен саяжайға «Билайн» желісі жүргізіліпті. Мектепте Интернет жұмыс жасап тұр. Ауылға су жүйесі тартылғанымен оның қысымы төмен болғандықтан, еңістегілерге жетіп, төбедегілерге тамшы да тамбай қалатын сәттері жиі кездеседі. Біз барған кезде ауыл адамдары шелектерін краннан суға толтырып алып жатыр екен. Шаға ауылдық округінің әкімі Абдумуталип Нарымбетовтің шақыруымен «Сауран су» мекемесінің директоры Мұхит Примбетов арнайы бригадасын алып келіп, құбырдың ақаулықтарын қалпына келтіруде. «Сауран су» мекемесінің басшысына ауыл әкімі бір штат бөліп, Шоқтастағы су желісіне күзетші әрі слесарь бөлмесе болмайтындығын баяндады. Себебі, Шоқтастағы 30 отбасы мен саяжайдағы үш жүзге жуық жанұяның қауіпсіздігі бәрінен қымбат.

 

БАЛАЛАРҒА ҚАУІПТІ БАҒАНАЛАР

 

Ауылда жарық болғанымен ескі бағандар баудың ішінде қалып кеткен. Ол бағандардың жалпы саны 17. Ескі ағаш бағандардың барлығы да жел соқса, баудың бұтақтарына сымы ілініп, сол сәтте жарық жалп етіп өшеді. «Оңтүстік жарық» мекемесінің басшылығы бұдан құлағдар. Алайда, олар ескі бағандарды жаңа цемент бағандармен алмастырып, қалың орман болып кеткен баудың ішінен шығару орнына, жақында ғана алмастырған есептегіш құралдарын жаңартуды талап етіп отыр екен. Ауыл тұрғындары талға шығып ойнайтын, жеміс-жидек теретін балалары үшін алаңдаулы. Себебі, көп талдардың арасымен өткізілген сымдардан жауынды күндері ток қашса, балаларға өте қауіпті. Сондықтан, тұрғындар бау ішіндегі ескі бағандарды жол бойына шығарып, жаңаларымен алмастырса деген тілектерін айтады.

 

ТАБИҒИ ГАЗ ЖЕТКІЗІЛСЕ, ЭКОЛОГИЯ ЖАҚСАРАДЫ

Шағын ауылға және саяжайға «Қазтрансгаз аймақ» ЖШС табиғи газ қондырғыларын орнатқанына үш жыл болыпты. Әлі күнге дейін әрбір үйге газ кіргізілмеген. Оның неліктен екенін бір адам білмейді. Газ мамандары келіп, түсіндіру жұмыстарын да жүргізбеген. Басқа өңірлерде «Қазтрансгаз аймақ» ЖШС табиғи газ қондырғыларын орнатқанымен, оны әрбір үйге жеткізу жұмыстарымен жекеменшік компаниялар айналысады. Ал, олардың өкілдері отыз үйлі ауылға ат басын бұруға мойындары жар бермейтін секілді. Оның сыртында мұнда тұратындардың дені тұрмысы төмен отбасылары мен егде адамдар. Олардың қондырғы орнатуға, үйіне газ пешін алуына қаржысы да жоқтығын газ мамандары біліп отырған сыңайлы.

 

ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР ТАРЫЛЫП БАРАДЫ

 

Шоқтас ауылының маңындағы бір шақырымдай жер ғана тұрғындардың еншісінде қалған. 27 үй иесінің ғана пай үлесі бар. Ауыл маңындағы жайылымдық жерді Ынтымақ, Шаға, Бершінтөбеден келген малшылар емін-еркін жайлап отыр екен. Қазірдің өзінде сегіз отар қой ауыл маңындағы жайылымды тықырлап тастаған. Шағадан келген диқан Шоқтас маңынан ойып тұрып 80 гектар жерге бау егуде. Қоршалмаған бауға түсіп кеткен малдары үшін ауыл тұрғындары айыппұл төлеуде.

— Өткен жылы да, биыл да айыппұлдан көз ашпай келемін. Бау иесіне «неге қоршап алмайсыз?» десем «ол келісім-шартта көрсетілмеген» деген уәж айтады. Бордақыда ұстауыма да болар еді. Оған қаражат жоқ. Мемлекет тарапынан еш көмек берілмеді. Сондықтан, жиырма бас жылқымды сатуыма тура келіп тұр. Өзім қолымда өсірген жылқыларым. Қимаймын. Қимасам да басқа жол жоқ, — дейді ауыл тұрғыны Қанат Анарбаев.