ИАССЫДА 194 ҮЙ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

69

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев Иассы ауыл округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауылға жаңадан қоныстанған 194 үй ауыз сумен қамтылатындығы мәлім болды. Ол үшін Иассы ауыл округі Еңбекші Дихан елді мекенімен меморандум арқылы «Авангард-Ок» ЖШС-гі жобалау сметалық құжаттамасын әзірлеуде.

Кездесуде тұрғындар тарапынан ауыл көшелеріне бейне бақылау камералары қойылса деген өтініш айтылды. Сонымен қатар, жайылымдық жерді ұлғайтуды сұрады. Қазіргі таңда 7 тұлғаның 1022 гектар жерін ортақ жайылымға қайтаруға, ортақ жайылымды кеңейтуге мемлекет мұқтаждығына қаулы қабылданып жұмыстар жүргізіліп жатқанын сала мамандары хабарлады.

— Осы ауылдағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық біледі. Ауылды көркейту үшін жасалынатын жұмыстар тоқтамайды. Президентіміз Қ.Тоқаев та ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуды тапсырып отыр. Біз ол тапсырманы орындауға міндеттіміз. Әрине, тек заң шеңберінде. Ауызбіршілік болған кезде ғана тірлік алға басады. Билік пен бұқара халық арасындағы байланыстың ашықтықтығын нығайту мақсатында мен әр үш ай сайын сіздермен кездесіп, мұң-мұқтаждықтарыңызды тыңдауға дайынмын,- деді аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев.

Осы және өзге де мәселелер бойынша айтылған өтініштер мен ұсыныстар басшылық тарапынан назарға алынды. Тұрғындардың мәселелерінің ешбірі аяқсыз қалмайды. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Кездесуден кейін Ғалымжан Қарабайұлы округ тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Тұрғындардың мұң мұқтаждығын тыңдаған аудан басшысы тиісті сала басшыларына тапсырма беріп, орындалуын қадағалауды тапсырды.