ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢА ҚАДАМЫ

85

Шынын айтуымыз керек, үлкен ауызбіршілік пен қоғамдық келісімге мойынсұнатын бүгінгідей ұлттық бірліктің қалыптасуына еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы жол ашылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамалары мен жобалары жастарды патриоттық рухта өзара сыйласып, ымыра-бірлікте өмір сүруге тәрбиелеуге бағытталған. Негізгі мақсаты — жақынға жанашыр, адал еңбек пен бәсекеге қабілетті болуға үндейді.

Жақында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында Мәди Крокустың жасаған баяндамасы көптің көңілінде әлі де сайрап тұр. Жалынды жас қаншама жастарға мотивация берді. Біз де осы сәтті пайдаланып Мәди туралы көбірек білуге тырыстық.

Мәди Михаилұлы Крокус 1998 жылы Шымкент қаласында өмірге келген. Балалық шағында Ленгір қаласындағы патронаттық отбасында, жасөспірім кезеңінде Арыс қаласындағы Төлеген Тәжібаев атындағы отбасылық балалар үйінде тәрбиеленіп, жалпы орта мектепті бітірген.

2017 жылы мектепті бітірген соң ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға түсіп, 2021 жылы үздік бітірген. Алғашқы еңбек жолын Арыс қалалық полиция бөлімінде «жедел әрекет ету» бөлімінде бастаған. Ал, қазір учаскелік полиция инспекторы қызметін абыроймен атқарып келеді. Ұлты орыс болса да қазақ тілінде мүдірмей сөйлеп, көпке үлгі болуда. Тіпті, өлең шығарып, қаражорға билейтін өнері де бар екен. Ол «Қаражорға» биін өзінің қызығушылығымен меңгеріпті. Теледидардан кәсіби бишілердің іс-қимылын қарап отырып үйренген. Ал, қазақ тілін өскен ортасы қалыптастырған. Кішкентайынан қазақ отбасының балаларымен дос болған ол, бірге ойнап, балалық шақты бірге өткізген.

Аузын ашса жүрегі көрінетін, ашық-жарқын мінезді Мәдимен әңгімелесе отырып, жалынды жастың пайымды ойлары мен алға қойған мақсатына қанықтық. Ендеше, Мәдиді тыңдайық.

-Маған қазақтың тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрі, қазақы болмысы өте жақын. Қазақ халқын жақсы көремін. Содан болар, қазақ халқының Айдана есімді аруына үйленіп, шаңырақ көтердім. Абылай есімді ұлымыз бар.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-сессиясында айтқан: «барлық азаматтарымыздың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасалуы керек» деген ұсынысын толықтай қолдаймын.

Біздің елде қазақ тілін үйренген бірнеше мың этнос өкілі және шет тілін меңгерген қазақтар баршылық. Олардың тіл үйренудегі тәжірибесі мол. Әрқайсымыздың жанымызда қазақ тілін үйренгісі келетін этнос өкілдері көп. Әрбіріміз тіл үйренуге ниет білдірген адамдарға қолұшын созуымыз қажет. Қазақ тілі дамып, өзіне лайықты деңгейде болсын десек — тілді оқытып жатқандар, жетік меңгергендер, үйренгісі келетіндер барлығымыз осы мәселеде бірігуіміз керек. Бұл өзінің және ұрпағының болашағын осы қасиетті жермен байланыстыратын әрбір азаматтың міндеті.

Мені осы күнге аман-есен жеткізген қазақ халқы! Сондықтан менің пайдалы еңбегім, адал қызметім қазақ халқына және қасиетті жерге арналсын,-деп қызметімді адал атқарып келемін.

Қазақтың ұлы даласында, шексіз кеңістігінде бәрімізге жеткілікті орын бар. Қазақстанның болашағы, балаларымыздың тағдыры – біздің қолымызда. Болашақта өз балаларыма әкесі ретінде ғана емес, тәртіп сақшысы ретінде де үлгі болуым керек. Отбасымның амандығы, үйдегі жайлылық пен тыныштық мен үшін маңызды. Себебі, Отан отбасынан бастау алады, — дейді Мәди.

Сондай-ақ, Мәди мәдени спорттық іс-шараларға да үнемі қатысып отырады. Облыстық «Парасатты полицей» байқауында бас жүлдені жеңіп алса, республикалық сайыста үшінші орынды еншілепті.

Айтпақшы, «Ұлты орыс болса, есімі неге Мәди?, — деп ойлап отырған боларсыздар. Өскен ортасындағы достары оны құжатында жазылған Михаил есімімен атамай, Мәди деп атап кеткені де ерекше құбылыс болып көрінеді бізге. Өйткені, қазақ қызына үйленген тұста есімін көп ойланбастан Мәди деп өзгертіпті. Мұның себебін өзінен сұрағанымызда: «Менің есімім Михаил болған. Мәди деп ауыстырғанымның үлкен мәні бар. Дүниеге келген ұлымның тегі қазақы болғанын қаладым. Бүгінде ұлым Абылай Мәдиұлы өсіп келеді, — дейді Мәди қуанышты жүзін жасыра алмай.

Иә, түркістандықтар үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі – ерекше. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының алға қойған мақсаты — бір үйдің баласындай бірлігімізді паш ететін шараларды дәстүрлі түрде өткізу, жеткен жетістіктерімізді бағалап, барға қанағат қылып, аймақтың өсіп-өркендеуіне үлес қосу болып табылады. Ассамблея құрамындағы этнос өкілдерінің аға буыны жастарға салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, ата-баба тарихын және басқа да құндылықтарды аманаттап, ұрпақ сабақтастығын сақтап келеді. Сондай-ақ, қазақ халқымыздың қонақжайлығы мен бейбітші-ліктің қадірін білуі, толеранттылығы, әр этностың құндылығына құрметпен қарауы облысымызда тұрып жатқан этнос өкілдеріне күш-жігер береді.

Ендеше, Мәди Крокустың өміржолы халық бірлігі мен мемлекет тұтастығының айнасын көрсеткендей үлкен әсерде болдық.

 

Л.ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.