ДАРАБОЗ ДӘРІГЕР, ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

131

Игілік ата ұрпақтарын сөз еткенде, бірі қоғам қайраткері, бірі ғалым, бірі ағартушы, бірі өнер саласының майталманы болып кете береді. Ал, адам жанының арашашысы дәрігер туралы көп жазыла бермейді.

Сондай атпал азаматтарымыздың бірі де бірегейі Амангелді Байтұрсынұлы Аманбаев 1943 жылы 15 мамырда Түркістан ауданына қарасты Бабайқорған елді мекенінде туылып, мектеп табалдырығын Түркістан қаласындағы байырғы Никитин атындағы орта мектепте аттап, 11 сыныбын 1963 жылы бітіріп шығады. Сол жылы Алматы қаласындағы Мемлекеттік медицина институтының фармацевтика факультетінің «Провизор» мамандығы бойынша диплом алып шығады.

Алғашқы еңбек жолын 1968 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық дәріханалар басқармасындағы №29 Шолаққорған дәріхана бастығының орынбасары, көп ұзамай облыстық орталық дәріханалар қоймасының бөлім меңгерушісі жұмысын атқарды. Осы жылы Түркістан медицина училищесінің мұғалімі қызметіне ауысады. Арада бір жыл өткенде Кеңес Одағының Қарулы күштері қатарына шақырылып, Владивосток қаласында әскери борышын өтейді. Отан алдындағы әскери борышын өтеп қайтқан соң, туған ауылына қайта оралып, Түркістан медициналық училищесінде фармакология мұғалімі, іс-тәжірибе бойынша бөлім меңгерушісі, акушер бөлімінің меңгерушісі, 1995 жылға дейін мейірбике бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарып келген атпал азаматтарымыздың бірі. Кейіннен 1995 жылдан бастап «Түркістан» көпсалалы медицина колледжінің кафедрасында жоғары санатты аға ассистенті қызметін атқарды.

Тарихы бай Түркістан медицина училищесі 1993 жылы колледж мәртебесін иеленді. Қасиетті қаланың әлеуметтік және мәдени өмірінде елеулі рөл атқаратын аталған колледж бүгінде республикамыздағы алдыңғы қатарлы оқу орындарынан саналады. Түркістан көпсалалы жоғары медициналық колледжі 2009 және 2011 жылдары «Жылдың үздік колледжі» аталымына ие болды. Қазіргі таңда осы оқу ордасынан түлеп ұшқан медицина қызметкерлері еліміздің түкпір-түкпірінде және алыс-жақын шетелдерде еңбек етуде.

Медицина саласының қызметкері болу – аса жауапкершілікті талап ететін мамандық. Себебі, ақ халатты абзал жандардың қолында адам тағдыры тұрады. Ал, бұл салада мамандар даярлайтын ұстаздардан одан да зор жауапкершілікті талап етеді. Өз саласының білікті маманы, ұлағатты ұстаз Амангелді Байтұрсынұлынан дәріс алған шәкірттері осал болмаса керек-ті.

Амангелді Байтұрсынұлы бүкіл саналы ғұмырын оқытушылыққа арнады. Оның қашанда ұжымда абыройы асқақ болды. Ол оқытушылықпен қатар қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Атап айтқанда, Түркістан медициналық училищесінде халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Түркістан қалалық бақылау комитетінің штаттан тыс инспекторы болды.

Аталған қызметтерімен бірге Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» ретінде Түркістан қалалық №1-7 округтік сайлау комиссиясының төрағасы, Түркістан қаласының ардагерлер кеңесінің тұрақты комиссия төрағасының орынбасары, Түркістан көпсалалы медицина колледжінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарып келеді.

Сонымен қатар, Түркістан медициналық колледжі мен Түркістан қаласына сіңірген еңбегі ескеріліп, 1983 жылы еңбекте жақсы көрсеткіштерге жеткендігі үшін туристік жолдамамен Германия, Чехословакия елдеріне саяхаттап барып қайтты. 1984 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Түркістан қалалық әкімшілік тарапынан алған алғыс хаттары бір төбе. 2008 жылы Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атанса, 2009 жылы «Еңбек ардагері», 2016 жылы «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Көпшіліктің құрметіне бөленген ұлағатты ұстаз отбасы бақытын, перзенттерінің тәлім-тәрбиесін бәрінен биік қойды. Құдай қосқан қосағы Есенкүл Аманбаева екеуі екі ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Перзенттерінің жоғары білім алуына қолқабыс жасап, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды.

Амангелді ағамыз жұбайы Есенкүл Аманбаева екеуі отау құрып, Роза, Марат, Жанат, Ақбота, Мұрат есімді ұл-қыздарын дүниеге әкеліп, тәрбиелеп жетілдірді. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді маман ретінде қаламыздың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген білікті мамандар қатарынан саналады. Роза мен Марат әке жолын қуып, жоғары білімді дәрігерлер болып шықты. Ақбота мен Жанаты жоғары білімді педагогтер болса, Мұрат экономист мамандығын таңдады.

Қос қария бүгінде өмірлерінің жалғасы немерелерінің тәрбиесімен айналысуда. Ұлағатты ұстаз Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», отбасында үлгілі әке – Амангелді Аманбаев бүгінде ауыл-аймағы, туған-туыс пен шәкірттерінің алдында парасаттылығы, даналығымен дара азамат. Жары Есенкүл екеуінің отасқанына 55 жыл болса, Амангелді Байтұрсынұлы сексеннің сеңгіріне аяқ басты. Дарабоз дәрігер, ұлағатты ұстазға Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі зор денсаулық, отбасылық бақыт тілейді.

Ескендір ЕРТАЙ.