БИЛІККЕ БАСЫН ИМЕГЕН ДҮНИЕДЕН ӨТТІ ЕР ИГЕН

126

Жетпістен асқан шағында жазушы, көсемсөзші, ақын Игілік Әймен дүниеден өтті. Шығармашылық ортада Игілік Иген атымен танымал. Игілік Иген (Игілік Әймен) – 23 қаңтар, 1953 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Бабайқорған ауылы, Ақсары елді мекенінде дүниеге келген. Бабайқорған ауылында он жылдық мектепті «үздік» тәмамдаған. Алматыдағы қазақ мемлекеттік физкультура институтын бітіріп, Теміртау, Кентау қалаларында педагогтық және еркін күрестен бапкерлік қызметтер атқарған. 47 жасында – 1999 жылдан бастап жазушылыққа ден қойған. Оған дейін арнайы «Әдеби оқу» оқи алмаған соң, шығармашылықпен шұғылданбай келген. Соңғы жылдары Астана маңындағы Көктал ауылында тұрды. 2006 жылы Түркістан қаласында өткен «Өмірбай Сәуірбаев» атындағы республикалық жазба жыр сайысының жүлдегері.

Игілік Игеннің алғашқы қадамына халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Игілік Әймен – қазақ қара сөзіндегі әйгілі «Қаратау мектебінің» жақсы үлгілерінің заңды мұрагері болып жетіліп келе жатқанын байқатады. Әңгіме, новелла, эссе, хикаяттарында, өлең-жырларында, мақала, қара сөз, көсемсөздерінде – Саттар Ерубайдағы лапылдаған арманшылдық, Тәкен Әлімқұлдағы арғы мен бергіні қатар өрбітіп отыратын тарихилық пен табиғилық, Асқар Сүлеймендегі әлеуметті ұлпа жерінен ұшынта шымшып алатын қиқарлық, Қарауылбек Қазиға тән мақпал әуез-лиризм анық бой көрсетеді. Оның үстіне, Абайдың заман мен наданнан түңілген күңіренісін қосыңыз. Бұның бәрі – еліктеушілік емес. Басымыздан өтіп жатқан баянсыз уақыттың кінәратсыз көңіл мен байыз таба алмай жүрген байбалам санаға тікелей түсіріп жатқан қысымынан туындаған өзіндік – өзгеше үн. Зады, Игілік Әймен қадамына үкілі үмітпен көз тігіп, зер сала қадағалауға әбден тұратын – астары қалың, дүние-заты қатпарлы, тынысы терең қаламгер болса керек» десе, ал, бұдан көп ұзамай Герольд Бельгер ақсақал бұл айтылған сөздерді мақұлдап, өз ойын: «Игілік әр жанрда қалам тартады; тілі көркем, бай, шұрайлы; айтатын ойларын ассоциация тәсілімен бейнелеп, қиыннан қиыстырып жеткізеді; кейде қырсық, қыршаңқылау, құйтырқылау сөздерге бейім тұрады; әдебиетті көп оқитыны, дүниежүзілік әдебиеттен хабары мол екендігі атой береді. Әттең, «жолы болғыштардың» қатарында әуелден жоқ. Жаратылысы бөлек жан. Дүниетанымы, болмысы, талант тұғыры дара. Әдеби, қоғами үрдістер жайындағы ой‑пікірлері «көш серкелеріне», замана ағымына көбінесе қайшы келеді. Игіліктің ондай ерекшеліктеріне, тіл байлығына, ассоциативті ойлау жүйесіне, сөз сараптасына, қасиетті «Қаратау әдеби мектебінің» түлегі екеніне алғаш жіті назар аударған Әбіш Кекілбайұлы болды. Игілік талантының бұл қырына кейін менің де көзім жетті. Әр салада жазылған шығармаларымен әрі көсемсөздерімен жылдар өте әбден таныстым. Үйреншікті қалыптан өзгеше екен. Мінезі де, көзқарасы да, түйсік‑түсінігі де, шығармашылық бағыты да, тіпті жүріс‑тұрысы да! Талантты адамға жарасып тұратын, өзіндік – тән қасиет» деп өрбітті.

Игілік Игеннің көзінің тірісінде болашақ ұрпаққа аманаттаған туындыларындағы тың көзқарасынан үзінді келтірелік.

ҚҰДАЙ БАР

Құдай – Бар, – Бір. Бар ғаламды жаратушы – бірін жасап, бірін өшіруші де – Құдай. Ол – шексіз, шексіздіктің иесі.

Адамдар. Адам – Құдайдың жаратқан шексіз ғаламының бір бөлігінің бөлшегі немесе құмның қиыршығы ғана, – шек­теулі. «Қалай, қанша уақытқа дейін жа­рат­ты?» – бұл жағы, Құдіреті күштінің өз ырқында. («Шектімен – Шексізді өлшеп біле алмайсыз» – Абай-һәкім ата). Сайтан мен Періштені екі жағымызға қарауылдатып қойды. Қалай, қайтіп, қай­да бұрыларсың? Не істерсің? Періштеге қолымызды созсақ, Сайтан аяғымызға жармасады…

Бұ пәлсапамызды не үшін айтып бағу­дамыз?

Әдебиет. Әдебиет – Құдайдың мың-сан аттарының бірі де бірегейі. Біз пақыр, бір сөзімізде айтқан да екенбіз: «Әдебиет – Жаратушы Иеміздің көркем келбеті», – деп. Бұл сөзімізге қарап, біреу-міреулер: «Сонда… көркем келбеті қандай екен-ә?» – деулері де мүмкін ғой. Онсыз да, «Құдай­дың түрі-түсі қандай екен, ауызы-мұрыны, көзі-құлағы бар ма екен өзінің, – деп жүр­ген пысықайлар жетерлік қой. Біз, «көркем келбеті» дегенімізде, Құдіреті шексіз жа­рат­қан жалғыз Иеміздің – ІЛІМІНЕН шығып айтып отырмыз. Білім (Ғылым) мен Ілім (Ісләм) – тектес болса да – екі бөлек дүние. Әдебиет – ғылымға жатпайды, – ілімнен. Біз пақырдың: «Шығарма – Құдайдан шыққанда – соңғы іліммен тексерілгенде, соған сәйкес келгенде ғана барып ТОЛЫҚ делінеді», – деуіміз де осыдан.

Олай болса, неге онда, біздер Әдебиетті олай да бұлай тартқылаймыз? Құбылтарға ойнатарға құмар боп тұрамыз? (Орнымен – жөнімен болса бір сәрі ғой).

«Құдайдың мың-сан аты бар», – дедік қой; сол сияқты, Әдебиеттің де – «Құдай­дың көркем келбетінің» – сандаған түр­лері, бөлік-бөлшектері бар. (Бөліп-бөл­шек­теп алған өздеріміз). Мысал етелік: Құдайдан жеткен әдебиет – Құдайдың көркем келбеті – «таза, жоғары дәрежелі көркем әдебиет». Одан кейінгілері – «тарихи немесе шежіреәуи әдебиет»; «тұрмыс­тық мелодрамалар»; «сарайи интригалар һәм махаббати хиссалар»; «деректі жазбалар, көркемдетілген эсселер»; бұрынды-қазіргі «көбіки бестселлерлер», тіптен, «әуесқой әдебиет», т. т. т. Жоғары дәрежелі таза көркем Әдебиетке – «кімдер, нелер» жатар еді-ау? «Мыналар» деп тізбелеп, айтып жату ыңғайсыз іс. Құдайдан басқа ешкім де – адам баласы түгел айта бер­мей­ді ғой. Бірақ-та, «е-е, осылар болса керек-ті» деп, өздеріңіз – һәркімнің ой­ланып-сезінгені абзал болар шамасы. Енді, Абай-һәкім атамыз айтып кеткенін­дей – «болмасаң да ұқсап бақтар» бар, одан кейінгі «ұқсаңқырап» келе жатқандар бар, – бұлар жайында әңгіме басқа…

Көзінің тірісінде бақ пен дәрежеге қол жеткізбеген, ұмтылмаған да. Өзіндік бітім болмысымен әдебиеттің бір кірпіші ретінде кетігіне қаланды. Бағасын халық береді. Екінші өмірі басталған аға ұрпақ өкіліне пейіште нұрың шалқысын дейміз.

Иса БЕРКІМБАЙ.