БЮДЖЕТТІҢ КІРІС КӨЗДЕРІН КҮШЕЙТУ КЕРЕК
Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында ауданның апталық жиналысы болып өтті. Мәжілісті аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев ашып, жүргізіп отырды. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап өтсек, аудан бюджетінің орындалуы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов, білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова, жылу маусымына дайындық жұмыстары туралы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Асылбек Қанағат баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметовтің мәлімдеуінше Сауран ауданы бойынша 2023 жылдың 21 тамыздағы жағдайға жергілікті өзіндік кірістер бойынша жоспар 108,9%-ға орындалып, 136 817,7 мың теңге артық түскен. Есепті кезеңде, аудандық бюджет жоспары 108,9%-ға асыра орындалғанымен, кіріс көздерінің 3 түрінен жоспар орындалмай отырғанын жеткізді. Олар: Ірі кәсіпкерлік субъектілерінен және мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, заңды тұлғалардан алынатын корпоративтік табыс, төлем көзінен салық салынатын табыстардан ұсталатын жеке табыс, әлеуметтік салықтары екенін атап өтті.
Бұдан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы хабарлама жасады. 2022-2023 оқу жылында 48 (41 мемлекеттік, 7 жекеменшік) орта білім беру ұйымдарында 1-11 сыныпта 23719 оқушы білім алуда. Жаңа оқу жылына 2228 бала 1 сыныптың табалдырығын аттамақ. Сонымен қатар, аудан бойынша 10 мектептен №23 колледжге кәсіптік білім алу үшін 89 оқушы жіберілген. Жылдық білім сапа бойынша 2021-2022 оқу жылы 51,5 пайыз, 2022-2023 оқу жылының жылдық білім сапасы 54,16 пайыз, 2,55 пайызға өсіп отыр. Ал, аудан бойынша 2023-2024 жылдарға жылу беру маусымына дайындық жұмыстары туралы баяндаған аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Асылбек Қанағат жалпы 65 000 тонна қатты отын қажеттігін айтып, қазіргі таңда, 9564 тонна қатты отын тасымалдау жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.