ТҰРҒЫННЫҢ ҮЙІНЕН ӘШЕКЕЙ БҰЙЫМДАРЫН ҰРЛАҒАН ЕР АДАМ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ
Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз түсті. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, белгісіз біреу оның үйінің ашық тұрған терезесінен кіріп, жатын бөлмесінен алтын алқа мен сақинасын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 300 000 теңгені құрады.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.
Қазығұрттық полицейлер ақпарат алған бойда көрсетілген мекенжайға жетті. Сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, жедел тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде бір тәулік ішінде алтындарды ұрлаған ер адам анықталды. Ол жәбірленушінің танысы, жергілікті тұрғын болып шықты.
Анықталғандай, ер адам өзінің бас пайдасы үшін ұрлаған алтындарды сатпақшы болған. Алайда ойы іске аспай, тәртіп сақшыларының қырағылығы арқасында дер кезінде ұсталды.
Қолды болған алтындар айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.