ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 8 ТҰРҒЫНДЫ АЛДАП, 5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ШЫҒЫН КЕЛТІРГЕН КҮДІКТІ ӘЙЕЛ АНЫҚТАЛДЫ

149

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне 2 бірдей әйелден шағым келіп түсті. Арызданушылардың айтуынша, таныс әйел «мемлекеттен тегін тұрғын үй алып беремін» деп сенімдеріне кіріп, екеуінен 400.000 теңге ақша алған. Алайда арадан біршама уақыт өтсе де уәдесін орындамай, не ақшаларын қайтармай әуреге салған.

Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.

Тәртіп сақшылары хабар алысымен күдіктіні анықтауға бағытталған шаралардың барлығын атқарды. Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде, алаяқтыққа қатысы бар тұрғын анықталды. Ол жұмыссыз, бұрын осындай алаяқтық қылмысы үшін сотты болған әйел болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті әйел тұрғындарды үй алып беремін деп сендіріп, ақшаны өз бас пайдасына жаратып жіберген. Сондай-ақ сарыағаштық полицейлер күдікті әйелдің жалпы 8 тұрғынды алдап, ақша алғанын анықтады. Бұл жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 5 миллион теңгені құрады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.