АУДАН ӘКІМІ ҚАЛАНЫ ДАМЫТУ ЖОСПАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен Сарыағаш қаласын дамыту жоспарына арналған жиын өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасары,аудан әкімі аппарат басшысы, Сарыағаш қаласының әкімі, сондай-ақ абаттандыру мен инфрақұрылым салаларына жауапты бөлім басшылары қатысты.
Жиын барысында аудан әкімі Арман Айдарұлы басқосудың негізгі мақсаты — қаланың дамуына бағытталған жоспарларды талқылау, ұсыныс-тілектерді тыңдау және атқарылатын жұмыстардың тиімділігін арттыру екенін атап өтті.
— Қаланы көркейтіп, дамыту — барлығымыздың ортақ міндетіміз. Жоспарлардың сапалы әрі нәтижелі орындалуы жұмысты ұйымдастыру деңгейіне, жауапты мамандардың кәсіби жауапкершілігіне, сондай-ақ тұрғындардың мәдениеті мен белсенділігіне байланысты. Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығын ашық көрсетіп, тұрғындарды дер кезінде ақпараттандыруымыз қажет, — деді аудан әкімі.
Арман Абдуллаев бөлім басшылары мен қала әкімдігіне өз бағыттары бойынша жұмысты жандандырып, жоспарланған жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар қала инфрақұрылымын жақсартуға, абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға ерекше назар аударуды міндеттеді.







