ТАЗАЛЫҒЫ ҚАЛАНЫҢ КӨШЕСІНЕН БІЛІНЕР 

143

ЖАС ЭКОЛОГТАР ТАЛ ЕКТІ

«Таза Қазақстан» акциясы аясында «Жасыл аймақ» апталығына мектеп оқушылары да атсалысты. Іс-шара барысында Шымсити шағынауданында орналасқан №135 жалпы орта мектебінің ауласына ағаштар, гүлдер отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға экология, өлкетану және туризм орталығының жас экологтары мен №135 жалпы орта мектебінің оқушылары бірлесіп 30-ға жуық шырша ағашының көшеті мен 200 түп гүл отырғызды. Сонымен қатар жасыл желектер бапталып, шөп орылып, тазалық жұмыстары жүргізілді.

 

—«Бір тал кессең, он тал ек» демекші, қаламыздың жасыл желекке орануы тек сән беріп қана қоймайды. Ол бізге таза ауамен тыныстауға мүмкіндік береді. Сондықтан да болып жатқан тазалық акциясынан оқушыллары да сырт қалған жоқ,— № 135 мектептің директоры Берікбай Елтайұлы.
Оқушылар мектеп ауласына гүл отырғызып қана қоймай, оны күтіп-баптауды да үйренді. Табиғатты аялауды парызымыз деп білетін олар өз істерін сүйіспеншілікпен атқарды. Бұл іс-шараға 50-ге жуық оқушы атсалысты.

ҚҰРСАЙЛЫҚТАР МАЗАРАТ МАҢЫН ЖИНАДЫ

Тұран ауданында Құрсай шағынауданының тұрғындары мұсылман мазараты маңын күл-қоқыстан тазартып, «Таза Қазақстан» акциясына өз үлестерін қосты.
Тұран ауданы әкімдігі мен қалалық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өткен тазалық акциясына жиналған көпшілік мазарат маңын айнадай етті.
Жұмыс бастаудан алдын көпшілік аруақтарға арнап құран бағыштады. Акцияға белсенділік танытып келген қариялар бата берді.
– Мазарат маңын тазалау – сауап іс. Тек сенбілікті күтпей, әр адам отырған жерін, тұрған жерін таза ұстағаны абзал. Сол сияқты мазарат маңын жылдың төрт мезгілінде де таза ұстау керек,– деді Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Нұрматұлы.
Айта кетейік, іс-шараға 200-ден аса адам қатысып, 300 көшет отырғызылды. Мазараттың шөп басқан жерлері тазартылып, маңайындағы бей-берекет қоқыс орындары жойылды. Оған 10 техника жұмылдырылды.

КӨШЕ БОЙЫН ТАЗАРТТЫ

«Жасыл аймақ» апталығында Әл-Фараби ауданы аумағындағы басты көшелерге санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарына ауданның тұрғындары, ақсақалдары, ерікті жастар және аппарат қызметкерлері қатысып, шөптерді орып, ағаштарды қырқып, әктеп, иригациялық жүйелер мен аумақты тазалады.
Жалпы, санитарлық тазалық іс-шарасына 27 арнайы техника, 2000-нан астам адам жұмылдырылды.

 

13 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

Абай ауданы «Жасыл аймақ» апталығында белсенділік танытуда. Апталық аясында ұйымдастырылған сенбілікке аудан тұрғындары, 10 кәсіпкерлік нысан, 8 әлеуметтік нысан – барлығы 1100 адам қатысты.
Атап айтқанда, Ынтымақ, Ынтымақ-2, Нұршуақ шағынаудандарындағы ішкі орамдық көшелер жане Әл-Фараби көшесінің жалғасы, Қ.Төлеметов көшелерінде шөптер орылып, ағаштарды қырқу, жасыл желектерді ретке келтіру, шөп ору, сырлау, жуу жұмыстары жүргізілді.
Осыған орай, 11 техника жұмылдырылып, 13 тонна қоқыс шығарылды.

ТҰРҒЫНДАР ДӘН РИЗА

Қаратау ауданында «Жасыл аймақ» апталығы қарқынды өтіп, сенбілікке жалғасты.
Аудан әкімдігі қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысқан сенбілікте 30 көпқабатты үй ауласының шөбі орылып, ағаштары әктеліп, қоршаулар мен орындықтары сырланды. Одан бөлек, 3,3 шақырым ирригациялық арық жүйесі, 9,7 шақырым жол жиектері тазартылды.
– Туған қалаңның, оның көшелері мен гүлзарларының ұқыпты, таза болуы біздің әрбірімізге байланысты, әрдайым қамқорлық танытуымыз қажет, – дейді акцияға қатысушылар.
Ауласының тазарып, сәні кіргеніне тұрғындар да дән риза.
Сенбілік жұмысына 1000-нан аса тұрғын, 8 техника жұмылдырылды.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА,
Гүлнұр БАЛАБАСОВА