ТҮРКІСТАН: АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ 105 ЖАСТАҒЫ ҚАРТ МАЙДАНГЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

85

Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 79 жыл толып отыр. Осы орайда, бүгін Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан облыс орталығының көнекөз тұрғыны, 105 жастағы ҰОС ардагері Немет Абдрасиловқа құрмет көрсетілді.

Ізгі шара барысында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігі мен қаланың белсенді жастары майдангердің шаңырағына барып, мерекемен құттықтады.

Немет қария 1919 жылы 1 қаңтарда Түркістан қаласында дүниеге келіп, соғыс жылдары 1-гвардиялық артиллериялық дивизия құрамында нысанашы, зеңбірек командирі болған. Украина, Белоруссия майдандары мен Сталинград, Курск шайқастарына қатысқан. І дәрежелі «Отан», ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, екі «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған.

Ғасырмен құрдас қария ұзақ жылдар бойы ішкі істер саласында автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеген. Салауатты өмір салтын әлі күнге дейін ұстанады. Сөзі нық, қимылы ширақ. Қазір де үйге өзі кіріп-шығады. Бүгінде ардагер 5 ұл мен 1 қыздан 60 немере, 9 шөбере және 5 шөпшек сүйіп отыр.

Жас буын өкілдері ардагердің соғыста көрсеткен ерлігін бүгінгі ұрпақтың қамы үшін жасалғандығын айта келе алғысын білдіріп, сый-сияпат жасады.

Жастардың кіршіксіз көңіліне ризашылығын білдірген ақсақал қонақтарына батасын беріп, жұртшылықты алда келе жатқан Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ қарт майдангер «Еліміз тыныш, жұртымыз аман, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын» деп жүрекжарды лебізін жеткізді.