Шыңғыс Мұқан: ҚАЙРАН ЕСАҒАМ…”
Осыдан біраз жыл бұрын сапарлас болдық, Ұлыбританияға бардық. Ортамызда Мереке Құлкенов ағамыз бар. Үшеуміз Лондонда жүрміз. Екі ағама қызмет етіп жүрмін. Үш күндік сапар. Бирмингемде баспагерлердің басын біріктірген көрме өтті.
Есенғали Раушановтың ағылшынша үйреніп жүргенін білуші едім. Қолға алғанына да көп болмаған. Ағылшыншасы ағып тұр. Таңғалдым. Осы жаста тілді қалай жылдам үйреніп алған?
— Бұ қалай, аға? Тілді қолға алғаныңызға үш айдан аспады, менің білуімше. Жадыңыз жақсы екен.
— Бала кезімде әжем “Батырлар жырын” оқытқызатын еді. Ол кездің шал-кемпірі хат танымайды. Нәубет заманда көшіп-қонған жұрт қайбір оқыды дейсің. Орталарына алып алады да кітап оқытады. Қаумалап отырып елігіп тыңдайды, арасында егіліп жылайды. Әрі-беріден соң кітапты түгел жаттап аламын. Кітапқа қарамай айта беремін. Біраз дастанды жатқа соғатынмын. “Алпамыс батырдың” біразы әлге дейін жадымда.
Содан таксиге отырдық. Лондон толы пәкістандық. Такси солардың қолында. Бір уақытта Есағам басына сәлде орап алған қалың, бірақ тегіс сақалды таксистпен бір тілде сөйлесе жөнелді.
— Мынау қандай тіл, аға?
— Парсы тілі… Өзбекстанда тұрдық қой. Өзбектің біразы тәжіктер. Көрші балалармен ойнап жүріп үйренген тілім.
Темзаның бойын жағаладық. Қаланы араладық. “Лондонның көзі” деп аталатын дөңгелекке міндік. Гайд-паркте жүрдік. Кеш құрым қонақүйді беттеп келе жатып дүкенге соқтық. Сатушы араб жігіті екен. Анау-мынау алған соң, Есағаң: “Халал ма?” деп сұрады. Әлгі “Алхамдулиллах” деп ағынан жарылып жатыр. Есағаң Құранның аяттарынан бастап, арабшалап айта жөнеліп еді, сатушының аузы ашылып, сатып тұрған затын тегін беріп жібере жаздады.
Есағаң солай еді. Қуатты еді. Қарымды еді. Алғыр еді.
Шығармашылығы өз алдына бөлек әңгіме.
Әкем Жұмабек Мұқановпен бір мектепте оқыған. Кейін Алматыға арман қуып бірге аттанған. Жас кезінде бастан өткізген небір қызықты хикаялар бар.
Әкелерім дүние салып жатыр. ?
ЖАЛҒЫЗ ҰШУДЫ ЖАЗБАҒАЙ…
Жұмабекке
Дарияның бойы еспе құм еді…
Естелік еді бұл да бір.
Сәуірдің бұлты көшкелі бері,
Сескеніп еді қырда гүл.
Қырдағы гүл… ол – жүрегің еді,
Түнеріп еді қырат бел.
Сыр толқындары біледі мені,
Біледі мені… сұрап көр.
…Ауламызда өскен бар еді шынар,
Айту да қиын тілменен.
Қөрші қыз, рас, әдемі шығар,
Көркем ғой бірақ жыр деген.
Жұп жазбай самғап келеді қаздай,
Ертерек ұшқан қос көңіл.
Шерлі жан едің, шеменің аздай,
Өлеңнің дертін қосты өмір.
Жарқ етіп жанған жас қылықты арман
Жалт беріп кетті болып мұң.
Мен сонда сенің бастығып қалған
Өр дауысыңнан қорықтым.
Жалғыз жүрген соң жағалауда әман,
Жалығыпсың-ау, соны ұқтым.
Мен сонда сенің жаңа лаулаған
Қиялдарыңнан қорықтым.
Көрінсе деп ем көшің ілгері,
Жосыла түсіп жолдарың.
Хатыңды ашарда осы күндері
Дір-дір етеді қолдарым.
…Ұзатып салдым жанарымменен,
Жазықсыз, бейқам қаздар-ай!..
Жазира белге жаралы үнменен
Жалғыз ұшуды жазбағай!
Есенғали РАУШАНОВ,
1978 жыл
Қош, Есағам, қош!
Ескі суретте солдан оңға қарай Есенғали Раушанов, Қадыр Мырзалиев, Жұмабек Мұқанов.