КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

46

Бүгін Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев аудандағы Алтын және Күміс алқа иегерлерін марапаттап, төсбелгілері мен куәліктерін табыстады.

— Ауданымыздың демогарфиялық дамуына сүбелі үлес қосып, жүргендеріңізді ерекше атап өткім келеді. «Алып та анадан туады» демекші бүгін Алтын және Күміс алқа иегерлері атанып отырсыздар. Сіздерге мықты денсаулық пен отбасының амандығын, толағай табыстар мен жетістіктер, береке-бірлік шаңырақтарыңыздан шаттық, жүздеріңізден күлкі кетпесін, — деп игі тілегін білдірді Бақытжан Кеңесбекұлы.

Жиында аудан бойынша 18 батыр ана марапатталса, соның 1-еуі Алтын алқа, 17-і Күміс алқамен марапатталды. Сауран ауданы бойынша әйел азаматшалардың саны — 50 073 болып, халықтың 50,7 құрап отыр. Ал, 18 жасқа дейінгі 4 және одан көп баласы бар отбасы — 5050 болса, Батыр аналарымыз — 122, көп балалы аналар саны — 7729 құрайды. І-ІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған аналардың саны — 235 жетіп отыр. Аудан көлемінде Алтын және Күміс алқа атанып жатқан аналарымыз да жылдан жылға еселене түсуде. Қазіргі таңда Алтын алқа алған аналарымыздың саны — 494 болса, Күміс алқа алған аналарымыздың саны – 1828 құрайды.

“Әйел бір қолымен бесікті тербетеді, бір қолымен әлемді тербетеді” деген даналық ұлт тәрбиесінің аналардан бастау алатынын айғақтайды. Ендеше, әр отбасының түтінін түтетіп, шаңырағын шайқалтпай, әрбір жанұяның ырыс — құты мен берекесін кіргізіп отырған әйел қауымын қалай қадірлесек те жарасады.