“ҚАЙДА ЕКЕН, ҚАЙДА, СОЛ ҚЫЗДАР..!?”

799

И- ә, Қайда екен қайда сол жылдар,
Махаббат қызық мол жылдар…
Ақырын- ақырын жылыстап,
Ұстатпай кетті- ау құрғырлар,- деп әйгілі өлеңде айтылғандай осыдан 50 жыл бұрынғы, қазір естіген, көргендердің өзі жоққа тән бір оқиға есіме түсіп кеткені…
Халқымыздың басына қаратүнек боп төнген, ақсүйек аштық пен ,,37″- нің репрессиясынан шыбындай қырылған еліміз енді ес жия бастағанда 1941 жылы ұлы отан соғысының басталып кеткені одан сайын жығылғанға жұдырық бола түсті. Әупірім- тәңірмен бес жыл дегенде зорға аяқталған, адамзат тарихындағы ең алапат соғыс 30 миллионнан астам боздақтың басын жалмап кетті.
Міне, сол басы 1937- ден бастап 1945 жылға дейін созылған аштықтан, қан- қасап репрессиядан, қиян-кескі соғыстан тұқымымен жойыла жаздаған жүздеген ұлт өкілдері ерікті- еріксіз түрде қазақ жеріне жер аударылып, пана тауып аман қалған болатын…
Сол кездері мемлекет, облыс, аудан басшылары мыңдаған жетім- жесірді, негізсіз қудаланған босқындарды әрбір үйге шамасына қарай бөліп тастаған екен…
Әкеміз әрі ,,Халық ақыны,, әрі ,,Баптардың бабы- Арыстанбапқа» имам болған Айтбай Белгібайұлы молдалықты, дихандықты, ұстаздықты қатар игерген, ұстанған бір кісідей бақуатты жан болыпты.Әсіресе, 1930-1937- ші жылдарғы адам біткен қынадай қырылған ақсүйек аштық кезінде жаманатты алдын ала сезгендей киелі Отырар өңірінің бір қалтарысына құпия түрде төрт жерге көмдірген астықтарының арқасында жүздеген адамды ажалдан аман алып қалғанын білетіндер ел арасында әліде бар.Әсіресе арқадан ауып келген елуден астам адамды бағып- қаққаны олардың кетерде: ,,Айтеке, сізге екі дүниеде ризамыз.Келе- келе түйе, табын- табын жылқы атасақта жарасады бірақ қолымыз шіркін қысқалық қып тұр, елімізді табайық.Ойласа келе ,,сізбен құда болсақ деп отырмыз,, деп 18 жасар бұрынғы шешемізді беріп кеткендері кезінде аңыз боп тараған оқиға болатын..
Негізгі тарихты еске түсіре отырып айтайын дегенім осындай қиын кезеңнің өзінде біздің үйге үш орыс қызы мен бір неміс, тұл жетімдерді бөлген көрінеді
Менің есімде қалғаны Ева мен Мария, Нюра атты қыздар.Баланың атын ұмытыппын.Нұр жүзінен иман төгілген шешеміз Ханшайым( шын аты- Бибіханшайым) ,,бұл да бізге берілген құдайдың аманаты, аманатқа қиянат жасау кешірілмес күнә,, деп сарыүрпек балапандарды өз балаларынан артық күтпесе кем күтпегенін ел айтатын, еміс- есім өзімізде есіттік.Қанша дегенмен бұрынғы дәулет жоқ тақұл- тұқыл қиын кезең.Аннан- мұннан құрастырып балаларға быламық жасап беріп, қазанның түбін жалап отырушы едік,- деуші еді жарықтық.Тіпті калхоздың өмірі бітпейтін жұмысына кетіп бара жатып, балаларды үйге қамап, жүндес тонның, болмаса кәдімгі үйілген жүннің үстіне екі- үш уыс бидай шашып кетеді екен.Ой, тоба- ай соны өңшең жетімек кешке шейін теріп, өлместің күнімен тамағына талғажау ететін көрінеді.Сонымен не керек зымыран уақыт өте береді.
Серпілер қайғы тұманы
Жапыра жауды жойғанда.
Күн жақын оған жететін
Күмәнданып ойланба…
Майданнан ерлер оралып
Қосылар қыр мен ойданда
Болады талай тамаша…
Қызыққа адам тойған ба?
Сол күннің көріп қызығын
Ауыр жүк түсер бойданда,- деп жырлап, елін жұбатқан Айтбай ақынның айтқаны келіп жеңіс күніде жетеді.Ел бірте- бірте есін жиып бейбіт өмірге қадам баса бастайды.Уақыты жетіп кәмелетке толған неміс баланы ешкімі жоқ тұл жетім қызға үйлендірген Айтекең Нюраны да өз теңіне қосады.Неміс бала кейіннен Полтаваға көшіп кетіпті.Ал, әлгі екі сұлу Ева мен Марияны қимай- қимай кейіннен анықталған, туған жерлері Самара мен Варонежге шығарып салады.Олар туысқандар емес тағдырластар екен..Обалы не керек ,,аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес,, демекші сол екеуі сонау 1970- ші жылдары іздеп келіп бір аптадай аунап- қунап жатып, жылап отырып самаурыннан шәй ішіп, қамыр ауқат жеп кетерлерінде шешемізге, бізге тарту- таралғыларын беріп жылай- жылай қоштасқан еді.Мен ол кезде 1- ші класқа енді барған ойын баласымын көп нәрсе есімде қалмапты.Мекен- жай адрестерін де беріп кеткен екен кейіннен көз жазып қалдық…
Кім біледі: Өмір- теңіз біз кеме,
Жүзіп келе жатырмыз,- демекші неміс бала, Ева мен Мария,Нюра апаларымыз кең байтақ КСРО( СССР) — ның бір түкпірінде аман- есен өмір сүріп жатқан шығар.Мүмкүн аштықтың, жоқтықтың, ата- анасыз жалғыздықтың, соғыстың бар зардабын тартқан шеркөкіректер өмірден өтіп те кетті ме екен, бәрі мүмкүн!? Әрине, лайым аман болсын дейміз.
Ал, аман болса, осыдан елу жыл бұрын келіп, жылап отырып айтып кеткен алғыстарын және қазақтың бауырмал қасиетімен, елдің ынтымақ-бірлігіне тәнті болған сәттері 1-мамыр Бірлік күні мерекесі қарсаңында Айтбай молданың ұлы Сәруарбек ағам екеуіміздің есімізге бүгінде сағыныш болып ғана оралады…
Әбдімәлік Белгібай
Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасы ,,Қоғамдық келісім,, КММ- ң баспасөз қызметкері